МҰҒАЛІМ ТАБЫСЫ АРТАДЫ

636
0
Бөлісу:

Жақында білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы артуға тиіс. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз конференция­сында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмши­динова хабарлады.

Оның айтуынша, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап бюджет са­ласының төменгі еңбекақы ала­тын қызметкерлерінің жалақысын есептеуге арналған коэффи­циент­тердің жаңа кестесі енгізіледі.
Бұл ретте білім беру ұйымдары қызметкерлері жалақысын 10-нан 30 пайызға дейін сараланған түрде ұлғайту жоспарланып жатыр. Коэффициенттер кестесі маман­ның білім беру деңгейіне, білік­ті­лігіне, еңбек жағдайына қарай үш топты қамтымақ. Біріншісіне – негізгі буындағы қызметкерлер, яғни колледж оқытушылары, мұғалімдер, психологтар, әлеу­мет­тік педагогтар, балабақша тәрбиешілері, қосымша білім беру саласының педагогтары жатады. Екіншісіне – көмекші қызмет­кер­лер, атап айтқанда, балабақ­ша­лардағы бала бағушылар, меке­мелерді тазалайтын қызметкерлер, аула тазалаушылар, күзетшілер кіреді. Үшінші топ басқару­шы­лардан, тарата кетсек, колледждер, мектептер басшыларынан, ба­ла­бақша меңгерушілерінен, негізгі басқарушы персоналдан тұрады.
БҒМ басшысы ұсынған есеп­темелерге жүгінсек, мысалға, 2-3 жылдық өтілі бар әлеуметтік пе­дагогтар, кітапханашылар, тәр­биешілер осыған дейін қалада – 55 869, ал ауылда 69 837 теңге алып келсе, жалақы арттырылғаннан кейін бұл табысы тиісінше 70 859 және 88 573 теңгеге дейін өсуге тиіс. 2-3 жылдық өтілі бар мұғалім қазір қалада небәрі 55 480, ал ауылда 69 351 теңге еңбекақы алып жүрсе, биылғы 1 маусымнан кейін бұл көрсеткіш тиісінше
66 382 және 82 976 теңгеге дейін артуы керек.
– Жалпы, 2018 жылдан бері 208 мың мұғалім немесе жалпы санының 70 пайызы білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытқаны үшін 30 пайыздық қосымша ақы алады. Біліктілік тестілерін табысты тапсырған 60 мың мұғалімге 30-50 пайыз үс­теме ақы төленеді, – деді министр.
Енді 3 жыл ішінде біліктілікті арттыру курстарынан орта білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың психолог және сынып жетекшілері, 15 мың колледждің инженерлік-педагогикалық қыз­меткері, 2,4 мың ЖОО оқыту­шылары өтпек.
Министр алдағы 3 жылда Қа­зақстанда 190 мектеп салынаты­нын мәлім етті: «Ең басты мін­дет – үш ауысымды мектептер мен апатты ғимараттарда орна­ласқан мектептер проблемасын, оқушылар орнының тапшылығын шешу», – деді ол.
Ұстаздар қазір уәде етілген заңды күтіп отыр. Күләш Шәм­шидинова «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы депутат­тар­мен, педагогикалық қауыммен бірге талқыланғанын, айтылған ескертулер мен енгізілген ұсы­ныстарды қосып, заң жобасы қайта жазылғанын жеткізді. Биылғы тамызда оны Мәжіліс қарауына енгізу жоспарланыпты.
«Зейнеткерлік бойынша мәселені қазір басқа қырынан көтеріп жатырмыз. Егер адам педагогикалық ЖОО-ны бітірген соң бірден мектепте жұмыс істеп, онда үздіксіз қызмет етсе, онда зейнетке шығар кезде педаго­ги­калық ЖОО-да оқыған жылдары да жалпы еңбек өтілі ретінде есептелетін болады», – деді К.Шәмшидинова.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: