Сайлауға дайындық жалғасады

190
0
Бөлісу:

Орталық сайлау комиссиясының отырысына саяси партиялар мен бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды және олардың растығын тексеруді ұйымдастыру туралы және сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы қаулылар қабылданды.

Бірінші қаулының жобасын Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Жәмелұлы ұсынса, екінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Сапарқызы ойын ортаға салды.
«Сайлау туралы» конс­титу­циялық заңның 56-бабының 1-тармағына сай сайлаушылар­дың президенттiкке кандидатты қол­дауы олардың қол жинауы арқылы расталады. Осы заңның 3-тармағына сәйкес прези­дент­тікке кандидатты қолдап, қол жинауды сенім білдірілген адам­дар ұйымдастырады. Бұл процесс кандидаттың Конституция және «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тек­серілгеннен кейін бес күн мер­зімнен кешікпей, Орталық сайлау комиссиясы беретін қол қою парақтарымен рәсімделеді. Пре­зиденттiкке кандидатты облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, республика астана­сының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы са­ны­ның кем дегенде бiр пайызы қол­дауы тиiс. 2019 жылдың 1 қаңта­рын­дағы дерек бойынша, респуб­лика сайлаушыларының жалпы саны – 11 млн 814 мың 19 адам. Демек, президенттікке үміткер кемінде 118 140 сайлаушының қолдауына ие болуы керек.
«Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды және олар­дың дұрыстығын тексеруді ұйым­дастыру туралы» қаулымен Ор­талық сайлау комиссиясының қол қою парақтарын беру мер­зімдері 5 күннен 2 күнге дейін, ал қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру мерзімі 10 күннен 5 күнге дейін қысқарды. Сайлауды ұйым­дастырушылар ішкі рәсімдерді өткізу мерзімдерін қысқарту есе­бінен сайлау процесіне қатысу­шылардың іс-шараларына арнал­ған уақытты ұлғайтады.
2017 жылдан бастап әзір­лен­ген жол картасы шеңберінде Қа­зақстан Президентінің жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­миясының базасында электо­рат­тық процесті ұйымдастырушы облыс әкімдерінің орынбасар­ла­ры, қала, аудан әкімдері және олардың орынбасарлары, әкімдер аппараттарының басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат хатшылары, ішкі және жастар саясаты, мәдениет, тілдерді да­мыту басқармаларының басшы­лары электораттық оқытудан өтті. 2,5 жыл ішінде жол картасы шеңберінде Орталық сайлау комиссиясы 62 оқыту іс-шарасын (дәрістер, семинарлар, тре­нинг­тер, вебинарлар, жазғы мектеп­тер) өткізді. Оған 14 610 қатысу­шы мен сайлау процестерін рес­пуб­ликалық және өңірлік дең­гей­де ұйымдастырушы қатысты.
Осы аптадан бастап Орталық сайлау комиссиясының сайтына учаскелік және аумақтық сайлау комиссиялары мүшелеріне, ха­лықаралық ұйымдар мен шет мем­лекет бақылаушыларына, шетелдік БАҚ өкілдеріне, канди­даттар мен олардың сенім біл­дірген адам­да­рына, мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ға арналған жаңартылған әдіс­темелік құралдар салынады.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру күні сайлау ұйымдастырушыларының жұмысы туралы оқыту фильмін дайындауға тапсырыс берді. Аталған фильм интернетте қолжетімді болады. Одан бөлек, сайлаушылармен ақ­параттық, түсіндіру және жұмыл­дыру сипатында жұмыс істеу үшін үлкен көлемді роликтер дайын­далып жатыр.

Кәусар АХМЕТ

Бөлісу: