ЖАЙЫҚ пен БАЛЫҚ ЖАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

189
0
Бөлісу:

Атырауда Жайық өзенінде балықтардың белгісіз жағдайда қырылу себебін зерделеуге келген үкіметтік комиссияның жұртшылықпен кездесуі өтті.

Жайық өзені мен балықтардың жаппай қырылуы туралы мәселеге қатысты өткен кез­десуде алғы сөз алған Сенат депутаты Сәрсен­бай Еңсегенов Атырауға келісімен үкіметтік комиссия құрамы,ҮЕҰ өкілдері мен облыстың тиісті құрылымдары басшы­ларымен Жайық өзені жайын көріп, балық аулау учаскелеріне барғанын айтты.
– Жайық өзенінде балықтың жаппай қы­рылуы елімізде қоғамдық пікір туғызған оқиға болды. Бұған еліміздің Парламент депутаттары да бейжай қарап отырған жоқ. Облыс тұр­ғындарының арасында «депутатта­рымыз бұл мәселеге назар аудармай отыр» деген сөздер айтылып жүргені бізге мәлім. Алайда жағдай олай емес. Оқиға болған сәттен-ақ Үкімет бас­шысына депутаттық сауалмен шықтық. Төрт маңызды мәселеге назар аударуды сұрадық. Бі­ріншіден, облыстағы мұнай-химия кә­сіпорын­дарын, «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС, иесіз жатқан ескі мұнай ұңғымаларын және өзге де мұнай-газ мекемелерін тексеру, екіншіден, экологтарды, қоғамдық ұйымдарды және шетелдік мамандарды осы іске араласып, өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беруін сұрадық. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама­ларды жетілдіру туралы мәселені қозғадық. Міне, бес айға жуықтады балықтың не себепті өлгенін біле алмай отырмыз. Халық тарапынан жауап беру талап етілуде. Жақында Алматыдағы сот-медициналық зертханасы меңгерушісімен жүздесіп осы жағдайды сұрағанымда, алғашқы нәтижелер анық болғанмен де әлі толық негіз­де айтарлықтай сынамалар нәтижесі шықпаған. Оны тіпті жарты жыл күтуге тура келеді деген жауап алдым, – деген сенатор С.Еңсегенов. Жайық өзені жайымен танысып, балық аулау учаскесінде болып, тартымдарды көру кезінде өзенде балықтардың барлығын және бекіре тұқымдас балықтардың балықшылар торына түскенін айтып берді.
Бас прокуратурадан келген аға прокурор Берік Сүйіншәлиевтің айтуынша, балықтың қырылу оқиғасы болысымен Бас прокуратура бұл оқиғаны өз бақылауына алған. Қазіргі таңда жүйелі жұмыстар атқарылуда, қорытын­дысы шыққан соң халыққа айтылады.
Ал ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаевтың айтуынша, зерттеудің алғашқы қорытындысы балықтың жаппай қырылуы хлормен уланудан болғанын көрсеткен.
«Зерттеудің сан-салалығы мен өзге де құжаттардың көптігінен сараптамадан өткізу мерзімі ұзартылды. Дегенмен қорытындылары жуырда қолымызға тиеді деп күтудеміз. Сол сараптаманың қорытындысымен өзенді лас­тауға жол бергендерді анықтап, олардың әре­кеттеріне заңды баға беретін боламыз», – деді М.Қожаев.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев балық қырылған уақыттан бергі жасалған жұмыстарға тоқталып, Жайық өзенінің арнасы тарылып, түбі таязданып бара жатқанына алаңдаушылық барын айтты. Оның айтуынша, Жайық өзенінің кейбір аумағын жалаңаяқ кешіп жүруге болады. Жергілікті әкімдік осы проблемаға қатысты қаражат бөліп, бүгінде Жайық пен Қиғашты тереңдету жұмыстары қолға алынған. Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуына бай­ланысты өткен жиында қоғамдық ұйымдар өкілдері сөз алып, ұсыныстарын айтты.
Жиын соңында сенатор Сәрсенбай Құр­ман­ұлы: «Жайық өзенінде ғана емес, Қызыл­қоға ауданындағы Ойыл өзенінде де балық қырылды. Өздеріңізге аян, ол ауданда мұнай-газ кәсіпорындары, өзенді хлорлайтын мекеме жоқ. Халыққа балық аулауға рұқсат бермейміз әрі өзендерді сақтаумен өзіміз айналыспаймыз. Сонда не істеуіміз керек? Міне, біздің сапары­мыздың мақсаты осы еді. Бүгін сіздерге өзімізге белгілі жайттарды айтып, сіздердің тарап­та­рыңыздан ұсы­ныстарды қабылдау үшін келдік. Заңна­маларымызды жетілдіруде бүгін айтыл­ған ұсыныстар ескеріледі. Мен Сенат басшы­лығына қызметтік хат жазып, ұсыныстарды беремін. Бүгінгі жиынның қорытыныды­сының пайдасы тиіп, нақты шешімге қол жеткіземіз деген ойдамын», – деді.
Сайып келгенде, Атырау аймағындағы өзен­дердің жағдайы аса мәз емес. Ал балық қо­рын сақтау үшін алдымен өзендердің ­жағ­дайына назар аударып, нәтижелі жұмыс жасау – бүгінгі талап. Бұл жауапкершілікті қалай атқарамыз – ол уақыттың еншісінде.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу: