Сарыарқа газ құбыры құрылысы қарқынды жүруде

330
0
Бөлісу:

«Құтты мекен» партиялық жобасы аясында Nur Otan партиялық бақылау қызме­тінің басшысы Дәурен Би­жұманов пен «Құтты мекен» партиялық жобасының жетекшісі Нұрлан Баймыр­заев бастаған арнайы комиссия «Сарыарқа» магистральды газ құбыры­ның инженерлік және әлеуметтік инфрақұры­лымы жұмыстарымен танысып, партия Төрағасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың солтүстік аймақтарды газдандыруға бағытталған тапсырмасының тиімді жүзеге асырылуына бақылау жүргізді.

Атап өту керек, Қызылорда облысының аумағында орна­лас­қан «Сарыарқа» магистралды газ құбыры Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Прези­денттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында қолға алынған елорданы газдандыруға бағытталған ірі жобалардың бірі. «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Темір­тау – Нұр-Сұлтан» бағыты бо­йын­ша жалпы ұзындығы 1 061 ша­қы­рымды құрайтын газ құбырының 179 шақырымға жуығы осы Сыр өңірінен басталады. Бүгінде құры­лыс-монтаждау жұмыстары «Қаз­СтройСервис» ҰМҚК» АҚ қар­қынды жүруде. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті компаниялар мен жергілікті еңбек ресурстары да қамтылған.
– Нақты кезеңде «ҚазСтрой­Сервис» мекемесімен «Сарыарқа» магистральды газ құбыры жұмыс­тарын жүргізуге 1 000-ға жуық аза­мат пен 352 техника жұмылды­рылып отыр. Азаматтар вахталық режим бойынша ауысыммен жұ­мыс істейді. Жергілікті азамат­тар­ды қоспағанда олардың қатарында Белорусь және Ресей азаматтары бар. Қазір 2 бригада күніне 4 ша­қырым газ құбырын жүргізіп отыр. Қазір 30 шақырымын аяқ­тадық. Алда күніне 8 шақырымға дейін жұмыс жасалатын болады. Жобаны мерзімінде аяқтаймыз деді, – «ҚазСтройСервис» ҰМҚК» АҚ-ның бас директоры Сәбит Жанасов.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында елімізде бірнеше маңызды жоба қолға алынды. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен қызметкерлерге салықтық жеңіл­діктер жасау, жастардың білім алуы және олардың жатақха­на­лар­дағы жағдайын жақсарту, кә­сіп­керлерге шағын несие беруді көбейту бағытындағы бастамада бүгінде оң нәтиже бар. Осы бас­та­маның бесіншісі елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру бо­латын. Аталған жоба толық іске қосылған уақытта 171 елдімекенге көгілдір отын жетеді деп күтілуде. Оның 119-ы Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының,
51-і – Ақмола облы­сының елді­мекендері.
– Өздеріңізге белгілі партия Төрағасы Nur Otan партиясының кезекті ХVІІІ съезінде халықтың әлеуетін арттырып, ауылдық елді­ме­кендердің инженерлік және әлеу­меттік инфра­құ­рылымын да­мытуға бағытталған бірнеше пар­тиялық жобаны жүзеге асы­руды тапсырды. Соның бірі – осы «Құт­ты мекен» жобасы. Бүгін жоба аясын­да аймақтық партия филиа­лының партиялық бақылау комис­сия­сымен бірге «Сарыарқа» магис­тральды газ құбырының құры­лыс-монтаждау жұмыс­та­рына, мем­ле­кет қаржысының нә­тижелі жұмы­салуына партия­лық бақы­лау жа­сап жұмысшы­лардың жағдайы­мен та­нысып отырмыз. Басты мақ­сат – партия Төрағасы, Тұңғыш Пре­зи­деті­міздің бес әлеуметтік бастама­сының орын­далысын қадағалау. Әрине, жо­баның өз деңгейінде жүргізілуі өте қуантып отыр. Ең бастысы, жоба іске қосылған уа­қытта қан­шама отбасын көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, солтүстік өңірлердегі экологияны жақса­р­татыны анық. Мұны өткен жылы осы магистральды газ құбыры жобасын жүзеге асыруға тап­сыр­ма берген уақытта партия Төра­ғасы, Тұңғыш Президентіміз ерек­ше маңыз беріп, атап өткен болатын, – деді «Құтты мекен» партиялық жобасының жетекшісі Нұрлан Баймырзаев.

Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы

Бөлісу: