ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

235
0
Бөлісу:

Латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда жиі талқыланып жатыр. Пікір көп. Ұсыныс та аз емес. Дегенмен бір ғана анық нәрсе бар. Ол – жаңа әліпбиге көшудің қажеттілігі өте жоғары болып тұрғанында. Бұл жағдай біздің тілдік мәселелердің оң шешілуіне, замана көшіне лайықты ілесуімізге мүмкіндік бермек. Осы тақырыпқа орай Алматы технологиялық университетінде «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел жиыны өтті.

Жиынға жоғары оқу орын­дары­ның ғалымдары, ұстаздар, докторанттар, магистранттар мен сту­денттер қатысты. Шараның мақ­саты – латын әліпбиіне көшу­дің маңызы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру.

Дөңгелек үстелді АТУ-дың бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов ашып бер­ді. Басқосуда арнайы шақы­рыл­ған тіл мамандары мен шет тілдері кафе­драсының профессор-оқыту­шы­лары, студенттер латын әліп­биі­не көшудің пайдасы жайында пікір­лерімен бөлісті.

АТУ «Мемле­кет­тік және шетел тілдері» кафе­дра­­сының аға оқытушысы, Қар­лы­ға Әбдірахманова «Қазақ жа­зуын­да қолданып келген әліп­би­лер» тақырыбында баяндама жаса­са, С.Асфендияров атындағы ҰМУ АҚ, «Тілдік пәндер» кафе­дра­­сының доценті Төлеубек Зай­санбаев «Медициналық термин­дер­ді латын әліпбиімен жазуда кездесетін қиындықтарды шешу жолдары» тақырыбында өзінің пікірімен бөлісті.

Шараға сарапшы ретінде Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлары Қаламқас Қалы­баева, Гүлбану Қосымова, А.Бай­тұр­сынов атындағы Тіл білімі инс­ти­тутының аға ғылыми қыз­мет­­керлері Дана Пашан, Гүлжихан Кабденова, филология ғылым­да­ры­ның кандидаты Альфия Сол­тан­бековалар қатысты. Жиын бары­сында ғалымдар ірікпей өз ойларын ортаға салып, латын әліп­биі төңірегіндегі түйткілді мәсе­лелерді еркін бөлісіп, оның шешу жолдарын да ұсынды.

Бүгінде Алматы технологиялық университетінде әліпбиді латын графикасына ыңғайлау бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асып жатыр. 2018 жылғы маусым айында ректор тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Осы ретте «Мемлекеттік және шет тіл­дері» кафедрасының меңгеру­шісі Зәуреш Аухадиева бастаған оқыту­шы­лар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығынының семи­нарына, Алматы қаласы әкім­дігі Тілдерді дамыту басқарма­сы­ ұйымдастырған «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» талқылауға қатысты. Ал университеттің «Технолог» газеті латын әліпбиі негізінде мақалалар топтамасын жариялауды бастап кетті.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: