Түйе еті тіл үйіреді

212
0
Бөлісу:

Алматыда ғылым-білім-өндіріс ықпалдастығы­ның нәтижесінде бұқтырылған түйе етінің консервілерін өндіретін шағын зауыт іске қосылды. Зауыт түйе етін инновациялық қаптамада шығара бастады. Енді реторт пакеттер мен ламис­тер­лік банкаларда тұтынуға дайын ет және ет араласқан жарма консер­ві­лері шыға­ры­лады. Жобаны «Ғылым қоры» АҚ грантын ұтып ал­ған Қазақ ұлттық аграр­лық универ­ситеті мен «Күн Нұры» ЖШС іске асыруда. Зауыт әзірге 12 адаммен жұмы­сын бастады. Жылына 600 мың консерві шығару жоспарланып отыр.

«Күн нұры» ЖШС дирек­торы Дулат Шарифқанов зауыт жұмысымен таныстырды. Шикі­зат көз алдымызда дайын өнімге айналды.
– Бұл – Елбасының 100 нақты қадамының 64-қадамы бойынша атқарылып жатқан жұмыс, яғни, ғылыми жұмыс­тар­дың нәтижесін коммер­ция­ли­зациялау ісі бойынша жасал­ған жоба. Осы жоба 2016 жылы өткізілген байқауға қатысып Ұлттық ғылыми кеңестің ше­ші­мі­мен грант иегері атанған. Ша­ғын зауытты салуға мемле­кет тарапынан 170 млн теңгенің гранты берілген. Негізгі шыға­ры­латын екі өнім. Біріншісі – түйе етінің консервілері, екін­ші­сі – ет-өсімдік консер­ві­ле-
рі, – дейді «Ғылым қоры» АҚ бас­қарма төрағасы Әнуарбек Сұл­танғазин. – Консервілер әзірге Қазақстанда ғана саты­лады. Ары қарай көре жатамыз. Бұл – әскерилерге, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне, табиғат аясына шығып серуен жасайтындарға өте қолайлы өнім. Өйткені алып жүруге ыңғайлы. Өнімді дайындауда Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­си­теті ғалымдары өте үлкен жұмыс жасады. Дайындау тәсі­лін тауып, Тағамтану ака­де­миясы мамандарымен ақылдаса отырып жасалған жұмыс. Зауыт­тың басым бөлігі авто­мат­тандырылған. Бұл жұмысты оңтайландыра түседі.
Түйе етінің бірегей биоло­гиялық қасиеттері бар. Дайын­далған консервілер – халал сана­тына жататын табиғи, био­логиялық таза өнімдер. Барлық өндірілетін өнімдер тізбегі ха­лал, ISO-22000 стандарт­та­рына сәйкес жасалады. Консерві­леудің заманауи технологиялық процестерін қолдану есебінен соңғы өнім пайдалы және жақсартылған дәмдік қасиет­терге ие болады. Ламистерлік банка және реторт пакеттерді қолданудың дәстүрлі қаңылтыр және шыны ыдысқа қарағанда бірқатар маңызды артықшы­лы­ғы бар.
– Түйе малын, өнімін ширек ғасырдан бері ғылыми тұрғыдан зерттеп келеміз. Алдымен сүтіне ден қойдық. Кейіннен етінің де адам ағзасына пайдалы, құнды екенін білдік. Түйе – ерекше мал, оның етінде биологиялық белсенді қосылыстар белгілі бір тепе-теңдікте, ол адам азғасына толық сіңімді. Онда холестерин мөлшері аз және темір мөлшері көп. Қазақстанның көптеген ауыл шаруашылығында бол­дым. Олардың қалай пайда тауып отырғаны жайлы сұрас­тыр­ғанымда, көбі тек сүтін сата­­ты­нын айтты. Сол кезден бас­­тап түйе етін өңдеп, одан қан­дай өнім жасауға болады деген ой мені толғандыра бас­та­ды. Бір күні бизнестегі серік­те­сіміз Дулат Шарифқанов әскери­лерге арналған консерві жасағысы келетінін айтты. Қарап отырсақ, әскерге Бразилиядан келген 20 жылдық консервілерді арзан болғаны үшін алып жатыр. Бүгінгі таңда түйе етіне сұраныс жоқ екенін және консерві жаса­сақ, арзанға шығатынын әрі отандық өнім болатыны жай­лы ұсынысымды білдірдім. Кейін Білім және ғылым министр­лігінің конкур­сы­на қатысу арқылы жобаны ұтып алдық. Нәтижесін бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл еліміздегі, біріншіден, ғалым­дарға стимул беретін, екіншіден, ғылыми еңбе­гінің нәтижесін көруге мүм­­кіндік беретін өте жақсы үрдіс деп есептеймін, – дейді био­логия ғылымдарының док­торы, профессор, жоба авто­ры Әсия Серікбаева.
Зауыттың тұсаукесері со­ңын­да келушілер бұқтырыл­ған түйе еті және түйе еті қосылған қарақұмық, күріш, арпа бот­қа­сы­нан дәм татып, баға берді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: