Мемлекет басшысының Санкт-Петербургке сапары Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуден басталды. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады. Кездесу барысында Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейту перспективалары достық рухта талқыланды. Экономиканың маңызды секторларындағы бірлескен жобаларды Қазақстан аумағында жүзеге асыруға, еліміздің зауыттарын Ресей Федерациясының өндіріс жүйесімен қатар дамытуға баса мән берілді. Сонымен қатар «КАМАЗ» және «Татнефть» компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылды. Кездесуге бұл компаниялардың да басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа ілтипат білдіре отырып, өзінің Татарстанға барған сапарын айрықша ықыласпен еске алды. Оның нәтижелері ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін берді.
"Уағдаластықтарымыздың қалай жүзеге асырылып, көздеген мақсатқа қалай қол жеткізіп жатқанымызды көріп отырмын. Бәрі де бақылауда деп айтуға болады", – деді Қазақстан Президенті.
"Қазақстан компанияларының Ресей нарығына Татарстан арқылы кіруге мүмкіндік алуына пайдамызды тигізгіміз келеді. Біз толыққанды қолдау көрсетіп, ықпал етуге дайынбыз", – деді Татарстан Президенті.