Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері парламенттерінің жастар тобымен кездесті
Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері парламенттерінің жастар тобымен кездесті
211
оқылды
Бүгін Мәжіліс Спикері, ТүркПА-ның іс басындағы төрағасы Ерлан Қошанов жастар қанатының алғашқы отырысына қатысуға келген Жас парламентарийлермен кездесті. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде Қазақстан бастамасымен құрылған Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының маңыздылығына және түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын тереңдету жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Е.Қошанов биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын айтып:
Қазір біздің мемлекеттер басшыларының күш-жігерінің арқасында елдер арасындағы қатынастар барлық салаларда өте жоғары деңгейде дамуда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы түркі мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі, –  деді.
Мәжіліс Төрағасы түркі елдері арасындағы тығыз байланысты тереңдетуде Парламенттердің рөлі зор екенін алға тартып, жас парламентарийлер тобының құрылуы және олардың алғашқы отырысы түркі тамырластығы үшін тарихи оқиға деп бағалады. Ерлан Қошанов жас депутаттарды Қазақстанда жүргізілген  саяси өзгерістер мен жақында өткен республикалық референдумның маңызы туралы хабардар етті. Жүздесуде әзербайжандық және түркиялық жас депутаттар сөз алып, жоғары деңгейдегі кездесу үшін ыстық ықыластарын білдіре келіп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастық үшін жастық жігерлерін аяямайтындарын жеткізді. Жастар тобы алғашқы кездесулерінде «Балалар мен жастар – ақпараттық технология дәуіріндегі түркілердің болашағы» тақырыбында кең көлемде талқылау өткізбек.