Ауылішілік жолдардың қалпына келтірілуін партияның бақылау комиссиясы өз қадағалауына алып отыр. Елорда маңайында орналасқан Целиноград ауданына қарасты Жаңажол ауылының тұрғындары «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ауылдың ішкі жолдарын жөндеп беру өтінішімен бірнеше рет келген болатын. 2018 жылы ауылдың ішкі жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Соған сәйкес, ауылдың 12 көшесі мен ауылға кіреберіс жолдар жөнделуі тиіс. Бүгінде жөндеу жұмыстары басталды. Жоба желтоқсанда толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Аршалы ауданының орталығындағы Республика көшесінің ойдым-ойдым жолдарын тегістеу бойынша түскен өтініш бірден орындалды деуге болады. Қабылдауды жүргізген аудандық мәслихат депутаты әрі аумақтық филиалдың атқарушы хатшысы Гүлмира Ахимова тұрғындардың өтініші бойынша жұмысты мықтап қолға алды. Оның уәкілетті орган өкілдерімен бірлесе отырып, мәселенің жылдам әрі оңтайлы шешілуіне атсалысқанын айта кету керек. Партияның ықпал етуімен шұңқырларды тегістеу бойынша жұмыстар Егіндікөл ауданының орталығында да жүргізілді. Халық қалаулыларының қолдауымен аудандық бюджеттен бұл мақсатқа 1 млн 800 мың теңге бөлінді. Бүгінде жұмыстар толық аяқталып, халық ризашылық білдіруде. Аманаттықтардың қолдауымен Зеренді ауданы М.Ғабдуллин ауылының ішкі жолдарына бүгінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл да – партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен өтініштер бойынша қолға алынған шаруа. Бүгінде оған бюджеттен 85,1 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, мердігермен келісімшарт жасалды. Көшпелі қабылдаулар да өз жемісін беруде. Мәселен, осындай қабылдаулардың бірінде тұрғындардан келіп түскен өтініш бойынша Біржан сал ауданы Степняк қаласының екі көшесі абаттандырылып, спорт және ойын алаңдары орнатылып жатыр. Бұл жастар мен балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін өте қажет екені сөзсіз. Жоспар бойынша жоба биылғы шілдеде тапсырылуы тиіс.
Азат ҚАЗАҚ