Саналы ұрпақ – салауатты өмір
Саналы ұрпақ – салауатты өмір
«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы өңірлік қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда білім беру және ден­саулық сақтау мәселе­лері талқыланды. Жиында «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. – ШҚО-да 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы табысты іске асырылуда. Аталған жоба мектеп түлектеріне, NEET санатына жататын жас­тарға, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа арналған. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даяр­лауға 2022-2023 оқу жылындағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 6 890 орынды құрайды, бұл алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 10 пайызға артық. Сондай-ақ республикалық бюджеттен 2025 жылға дейін 9-сынып түлектерін тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту үшін қосымша 2 800 орын бөлінді, – деді ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек. Бұдан соң өңірде денсаулық саласын дамыту бағытындағы жұмыстар сөз болды. – Адами капиталды дамытуға 2022 жылы облыстық бюджеттен кардиология, қан айналымы жүйесінің аурулары, ана мен баланы қорғау, гематология және онкогематология бағыттары бойынша Израиль мен Германияның жетекші клиникаларында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 840,2 млн теңге бөлінді, – деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Капанова. Жиын соңында кеңес мүшелері жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне партияның сайлауалды бағдарламасында бекітілген нақты көрсеткіштерді сапалы орындау қажет екенін жеткізді.

Азат ҚАЗАҚ