Мәжілісте Парламенттік тыңдау өтті
Мәжілісте Парламенттік тыңдау өтті
Мәжілісте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті. Тыңдау Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Отырыс Парламент Мәжілісі Төраға­сының орынбасары Б. Кесебаеваның төрағалығымен, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану, Экономикалық реформа және өңірлік даму мен Аграрлық мәселелер комитеттерінің ұйымдас­тыруымен өтті. Парламенттік тыңдауға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, су саласының ғалымдары мен мамандары, шетелдік және отандық сарапшылар, Парламентаризм институты­ның, сон­дай-ақ «Атамекен» ҰКП мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл тақырыпта арнайы тыңдау өткізудің мәні ерекше екенін айтты. «БҰҰ бағалауынша, әлемде әрбір бесінші тұрғын судың тапшылығын көріп отыр. Сонымен қатар кезінде БҰҰ бас хатшысының болашақта су мұнайдан да қымбат болады деген сөзі бүгінгі күні шындыққа айналып жатыр. Енді сарапшылардың пікіріне сәйкес, жыл сайын адамзаттың су ресурсына қажеттілігі шамамен 1 пайызға артады. Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігі су ресурстарымен толық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және қорғау – мемлекеттің басым міндеті екенін бірнеше рет атап өткен. Халықаралық сарап­шы­лардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. Ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше шақырымға жетуі мүмкін. Бұған әсер етуші факторлар жетерлік. Халық санының өсуі, экономикалық дамудағы ерекшеліктер мен басқа да себептер ықпал етіп отыр», – деді Е.Қошанов. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жылда қалалар мен ауылдарды 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Қазір 1 543 ауылды немесе 544 мың адамды таза сумен қамтамасыз ету керек. Демек, бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. «Жақын арада Парламент Мәжілісіне жаңа Су кодексін енгізу керек. Ең бастысы кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталуы тиіс» – деді Палата Спикері. Отырыста су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ресурстарын пайдалану, қабыл­данып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перспектива­лары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетіл­діру бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Парламенттік тыңдауда Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов су рерсурстарын дамытудың келешегі туралы баяндама жасап, жаңа Су кодексінде қандай негізгі бағыттар редакцияға ұшырайтынын айтты. «Су кодексінің жаңа редакциядағы негізгі ба­ғыттары: бірінші, елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау. Екінші, су пайдаланушыларды су үнемдеу техно­логияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктерді айқындау. Үшінші, мониторингті цифрландыру, Қазақстанның су ресурстары әлеуетін есепке алу және болжау, сондай-ақ су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру. Төртінші. Ұлттық заң­нама­ны халықаралық құқық принциптерімен үйлестіру», – деді Ералы Тоғжанов. Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, жаңа Су кодексінің және ілеспе заң жобасының тұжырымдамалары әзірленген. «Кодекс жобасы қыркүйекте Президент Әкім­шілігіне, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне енгізіледі», – деді Үкімет басшысының орынбасары. Сонымен қатар отырыс барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Е.Дауылбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бекбауов және Мәжіліс депутаты, тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссияның жетекшісі Е. Жаңбыршин сөз сөйледі. Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, қазір экономика салаларын және тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін еліміздің су ресурстарының потенциалы әлі толық зерттелмеген және бағаланбаған. Осыған орай ол Экология министрлігінде дайын­далып жатқан су тұжырымдамасын 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Одан әрі Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов пен Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев баяндама жасады. Парламенттік тыңдау барысында БҰҰ Бас хатшы­сының Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Н.Герман бейнежолдама форматында қатысты. Сондай-ақ отырыста Сенат депутаттары А.Күрішбаев пен Д.Мусин, «География және су қауіпсіздігі институты» акцио­нерлік қоғамының Басқарма төрағасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі А.Медеу, Мәжіліс депутаттары А.Сқақова мен Е. Смышляева, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекция­сының басшысы Б.Бекнияз, Rubicon Water Australia (рубикон уотэр оустрилиа) консультанты Энтони Оукск, «Адалдық алаңы» республикалық жәрдемдесу орталығы» Басқарма төрағасы Б.Қасымов сөз сөйлеп, су мәселесі саласындағы өзекті проблемаларды талқылады. Жалпы айтқанда, отырыста Қазақстан­ның су саласын жетілдіру үшін Парламент, Үкімет, азаматтық қоғам, ғалымдар мен сарапшылар қоғамдастығы, кәсіпкерлер нақты ұсыныстар берді. Парламенттік тыңдауда айтылған барлық ұсыныс мұқият талданып, зерделенеді. Қорытындысы бойынша, депутаттар мен Үкімет бастамашы болатын бірқатар тақырыптық заң жобалар аясында талқы­ланатын болады.