Жаз басталғалы +40 градустан төмен түспеген Қызылорданың ыстығы ми қайнатып тұр. Ыстықта өзенге шомылып, жанға сая тапқысы келетіндердің көңілі жүдеу. Өйткені осындай аптапта қызылордалықтар мен қала қонақтары шомылатын жағажайлардың жағдайы мәз емес. Ақылы жағажайды қалта көтермейді Қазір өңірде 12 демалыс орны мен екі жағажай жұмыс істейді. Қала орталығындағы «Сыр самалы» қалалық жағажайы мен Белкөл кентіндегі демалыс жағажайы жаз мезгілінде тұрғылықты халықтың жиі демалатын орны. Соның ішінде қаланың орталығындағы «Сыр самалы» жағажайы көп жылдан бері қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етіп келеді. Бұл демалыс орны алғаш ашылған кездері оған келушілер қатары көп болды. Демалушыларға қызмет көрсету жоғары деңгейде ұйымдастырылатын. Соңғы жылдары жағажайға жергілікті тұрғындар жиі сын айта бастады. Жағажайдан жанға сая іздеген жұрт шомылатын орындағы судың тазаланбайтынын, жиі лайланатынын айтады. Ал Белкөл кентіндегі «Абай» демалыс жағажайы 2017 жылы ашылып, халыққа қызмет көрсетеді. Жағажайдың жалпы аумағы 27 гектарды құрайды. Жергілікті кәсіпкер, «Абай» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Нұрсайтовтың демеушілігімен ашылған жағажайдың 13 гектарын 3 бөліктен тұратын көл құрайды. Мұнда демалушылар мен балық аулаушыларға арнайы орындар ұйымдастырылған. Жағажайда балалардың демалуына жағдай жасалған. Бұл жағажайдың да бағасы алғашында сұранысқа ие болғанымен, кейіннен қызмет құнының күрт көтерілуі демалушылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірді. Тегін жағажай – құр уәде Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Ғанибек Қазантаев былтыр осындай олқылықтарды ескеріп, қала аумағынан тегін жағажай ашуды қолға алған болатын. Тегін әрі қауіпсіздік шаралары жолға қойылған жағажай жұмысын іске қосу бастамасы көпшілік тарапынан қызу қолдау тапқан еді. Бірақ өткен жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған жағажайды іске қосу жобасы аяқсыз қалды. «Қаламызда балаларға шомылуға қауіпсіз тегін жағажай ашылғаны дұрыс. Өңірдегі екі жағажай ақылы әрі оның бірінің сапасы сын көтермей тұрғаны белгілі. Ақылы бассейндерге бару қарапайым халыққа қолжетімді емес. Сондықтан да халыққа қолжетімді, қауіпсіздік шарасы қатаң бекітілген жағажай іске қосылу керек деп білемін», – деп ойын білдірді қала тұрғыны Марал Сәрсенова. Не де болса, қызылордалықтар арман болған коммуналдық жағажайды іске қосар деп Асылбек Шәменовке үмітпен қарайды. Суға шомылу сақтықты қажет етеді Ақылы жағажайды қалтасы көтермейтін халық амал жоқ рұқсат етілмеген орынға шомылады. Салдарынан Сыр жағасындағы қайғылы оқиғалар жиілеген. «Өткен жылы облыс аумағында 18 адам суға кетіп көз жұмған. Оның 13-і бала. Ал жыл басынан бері өңірде су айдындарында 11 адамның өлімі тіркелді. Оның ішінде 5 бала бар. Мұндай қайғылы оқиғаның басым көпшілігі табиғат аясында, өзен мен көлдердің жағасында демалыс ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан болып отыр. Сондықтан да қауіпсіздік шаралары кепілдендірілген арнайы екі жағажайда шомылуға кеңес береміз» деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Асхат Тоғызбаев. Департаменттің мәлімдеуінше, облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Бұдан өзге өңірде 19 ірі және 220 шағын канал, 207 көл орналасқан. Бұлардың ішінде 64 нысан қауіпті учаске деп танылған. Бүгінгі күнге дейін қызылордалық құтқарушылар тәртіп сақшыларымен бірлесіп жүргізген рейдтік шара кезінде суға түсу ережелерін бұзған 8 адамға ескерту жасапты. Мамандар қазір облыс аумағында 4 коммуналдық жағажай салу бойынша қаулының әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Оған дейін халыққа шомылуға рұқсат етілген 2 жағажайда жанға саяға таба тұрады. Ең қызығы, жергілікті биліктің ақылы жағажайдың қызметіне рұқсат беріп, коммуналдық жағажайларды ұйымдастыруға атүсті қарағанында болып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы