Қойының құны – 5 жылқы
Қойының құны – 5 жылқы
1,293
оқылды
Асылтұқымды қой өсіріп, көл-көсір пайда тауып жатқан жанды білесіз бе? Қой өсіруоның негізгі кәсібі емес. Бокс мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейтін шаруаның бұл хоббиі ғана. Бір қойы 5 мың АҚШ доллары тұрады. Оны бұл кәсіпке итермелеген не сиқыр? «Мал өсірсең, қой өсір» дейтін қағиданы ұстанатын кейіпкеріміздің өмірі оқырманға да қызық болар. Бүгінде елімізде асыл­тұқымды қой өсіру шаруашылығын дамытып отырғандар аз емес. Бұған Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылындағы шаруа Нұрбек Құлбаевты мысалға келтіруге болады. Нарықта оның қошқары қазір 5 мың, ал аналығы 2 мың АҚШ долларына бағаланып отыр екен. Кәсібін 2017 жылы бастаған ол содан бері ғиссар қой тұқымымен айналысып келеді. Алғашында буливер, авган атты қошқар­лардың тұқымымен қолмен ұрықтандырып алып келген ол шаруашылығына 30 аналық баспен бастаған.
– Бұл малдың кәдуілгі қойдан салмағы, еті және көріктілігі жағынан айтарлықтай өзгеше. Қозылары 8-9 келі салмақта, егіз туған қозысының өзі 7 жарым келі болып туады. «Борман» деген қошқарымызды былтыр қырғыз елінен алып келдік. Сол қошқардан төл алып жатырмыз. Қойларым тұрақты түрде көрмелерге қатысып тұрады. Мәселен, «Атаман» деп аталатын аналық бас кемі мың жарым, орта бағасы 2 мың АҚШ доллары тұрады. Ал «Борман» қошқардың құны – 5 мың доллар. Бұл – осы тұқымдағы қойдың нарықтағы бағасы. Қойдың бар­лығына 2 мезгіл жем, 2 мезгіл шөп береміз. Көбін өріске шығарамыз, – дейді шаруа.
Оның қойлары көрмелерден жүлдесіз қайтып көрмепті. Айталық, Шуда өткен облыстық көрмеде «Ромашка» деп аталатын қошқары 1-орынды иемденсе, 2019 жылы Шымкентте өткен халықаралық асыл­тұқымды қойлардың байқауында «Симба» атты қошқары 15 мемлекеттен 200 қошқар қатысқан көрмеден «Сымбатты қошқар» атанып, жүлделі үшінші орынға қол жет­кізген. 2009 жылдан бері Меркі аудандық орталық стадионында, бокс мектебінде жаттық­тырушы болып жұмыс істейтін Нұрбек Құлбаев бұл кәсіппен тек хоббиі ретінде ғана айналысады.
– Осы жылдар ішінде бірнеше Қазақстан чемпионын дайындап шығардым. Шәкірт­терім талай дүбірлі додада ауданның ғана емес, облыстың, халқымыздың намысын абыроймен қорғап жүр. Сондай шәкірт­теріммен мақтанамын. Ал атакәсіппен айналысу жаныма рақат сыйлайды, содан ләззат аламын. Енді бұл кәсіпке балаларымды да баулымақпын, – дейді ол.
Біз жоғарыда сөз еткен Жазылбек Қуанышбаевтай дала академигінің лайықты ізбасары Нұрбек Құлбаевтың бұл ісі өзгелерге үлгі-өнеге екені даусыз. Ол осылайша мал шаруашылығының дамуына да тамшыдай болсын үлес қосып жүр.

Жамбыл облысы