Мәскеуде білім алып жүрген қазақстандық полицей кішкентай баланы құтқарып қалды
Мәскеуде білім алып жүрген қазақстандық полицей кішкентай баланы құтқарып қалды
403
оқылды
Ресейдің астанасы Мәскеуде оқып жүрген қазақстандық полицей Зарина Жұманбек кішкентай баланы ажалдан арашалап қалды. Ақмола облысы полиция департаментінің әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, ведомствода аға криминалист болып еңбек ететін Зарина Жұманбек бүгінде Ресей ІІМ Басқару академиясында білім алып жүрген. Ол онда «Криминалистика және сот-сараптама қызметі» мамандығы бойынша біліктілігін шыңдауда.
«Биыл 16 мамырда жатақханаға бет алған полиция аға лейтенанты Зарина Жұманбек екі баласымен трамвай жолынан өтіп бара жатқан әйелді байқаған. Сол сәтте қатты соққан жел кішкентай қыздардың бірінің бас киімін ұшырып әкетеді. Оны алу үшін жолға жүгірген бүлдіршін келе жатқан трамвайды көрмеген. Оқиғаны сырттай бақылап, сақ тұрған Зарина жедел әрекет етіп, баланы ажалдан арашалап қалды», – деп жазды Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі.
Заринамен бірге оқитын академия студенттерінің айтуынша, трамвай жүргізушісі жедел тежегіш басқанымен, көлік 12 м жүріп барып қана тоқтаған. Қазақстандық полицейдің ерлігіне тәнті болған студенттер болған жағдайды академия басшылығына айтқан.
«Зарина Жұманбек бұл әрекеті арқылы кәсіби шеберліктің, батылдықтың және төтенше жағдайда нақты шешім қабылдай алудың  жоғары деңгейін көрсетті», – деді Ресей ІІМ Басқару академиясы жетекшілерінің бірі Григорий Скрипкин.
Оқу орнының басшылығы жерлесіміздің ерлігін ерекше бағалап, Құрмет грамотасымен марапаттады.