Қостанайдағы Ленино ауылының бүкіл тауығы қырылып қалды
Қостанайдағы Ленино ауылының бүкіл тауығы қырылып қалды
Ветеринар дәрігерлердің айтуынша, үй құстары Ньюкасл ауруын жұқтыруы мүмкін. Қостанай облысының Федоров ауданында орналасқан елді мекен Ресей Федерациясымен шекараласады. Жергілікті тұрғындар алғаш рет белгісіз індет екі ай бұрын пайда болғанын жеткізді, енді тағы қайталанып отыр. Бұл туралы "Костанайские новости" басылымы хабарлады.
"Мен мекиен тауықтар мен бройлерлерді асырағанмын. Құстарыма өте мұқият, жауапкершілікпен қараймын. Осы аптада үйден шығып, қарасам, бір-екі емес, жиырма тауығым қырылып жатыр. Көршілерімізде бір күннің ішінде барлық отыз тауығы өліп қалған. Ертесіне таңертең менде де бәрі өлді. Айналдырған екі-үш күнде 50 мекиен тауықтан айырылдым, ал қазір бройлерлер де өліп жатыр. Қазіргі таңда біздің ауыл мүлде тауықсыз қалды", – дейді ауыл тұрғыны Елена Едикова.
Жергілікті ветеринар мамандар өлген бірнеше тауықты сараптама жасатуға алып кеткен. Оның қорытындысы бір-екі аптадан кейін белгілі болады. Бұл жағдайға аудандағы ветстанцияның директоры Нұрлан Қыстаубаев та түсініктеме берді.
"Иә, құстар осы жылдың басында ауыра бастады. Дәлірек айтқанда, тауықтар. Сәуір айында жүз шақты тауық қырылды. Анализге берген жоқпыз, өйткені адамдар бірден жойып жіберіп отырды", – деді ол.
Дәл осындай жағдай биыл сәуірде Қарабалық ауданында да болған. Ол кезде ветеринарлар құстар уланған болуы мүмкін деп болжаған еді. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, тауықтарда байқалып отырған клиникалық белгілер Ньюкасл ауруына тән.