Парламент палаталарының бірлескен отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Ұлттық қордағы қаржы туралы есеп берді. Оның айтуынша, былтыр Ұлттық қорға түскен қаражат азайған. «Президент республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатына арқа сүйемеуі тиіс екенін айтқан еді. Соған қарамастан, былтыр қордан 4,5 триллион теңге жұмсалды. Ал Ұлттық қорға 4,3 трлн теңге ғана кіріс түсті», – деді Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов «Біз бұрыннан бері айтылып, жауыр болған проблеманы жыл сайын талқылаймыз» деген еді.