Алакөл – Семей бағытындағы автобус аударылып, 15 адам зардап шекті

автобус
Фото: Instagram/semey_city_

Алакөлден Семейге бет алған автобус аударылып, 15 адам түрлі деңгейде жарақат алған.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік апаты 19 маусым күні сағат таңғы 04.50-де болған.

«Алакөл – Семей» бағытында тұрақты қатынайтын Setra-S маркалы автобус Жарма ауданының тұсындағы жолда Семей қаласына қарай бара жатқан. 56 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай қалып, автобус жолдан шығып, аударылған. Жол апаты салдарынан екінші жүргізуші мен 13 жолаушы түрлі деңгейдегі жарақат алды», –  делінген ШҚО ПД хабарламасында.

Зардап шеккендердің барлығына медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Ал автобус жүргізушісі ауруханаға жатқызылған. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Оқиға орнынан фото және видео жергілікті Instagram парақшасында жарияланған.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.