БҚО-да қаңғыбас иттермен күресуге тағы 8 миллион теңге бөлінбек

БҚО-да қаңғыбас иттермен күресуге тағы 8 миллион теңге бөлінбек

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірде қаңғыбас иттерге қатысты мәселе өзекті екенін айтты. Сондай-ақ олармен күресуге тағы 8 млн теңге бөлетінін мәлімдеді.

«Өңірде қаңғыбас иттер мәселесі өте өзекті. Оларды аулау, чип тағу және стерильдеуге қатысты ветеринарлық қызметті мемлекеттік-жекешелік әріптестік құзыретіне бергенбіз. Бұл бағыттағы жұмыс 2 жыл бойы қарқынды жүріп келеді. Қаңғыбас иттер тұрғындардың өміріне қауіп төндірсе 109 нөміріне хабарласып, айта алады. Орталыққа келіп түскен шағымдарға қатысты шұғыл шешім қабылданады. Топ болып жүретін иттерді аулап, адам өміріне қауіп төндірген жағдайда көзін жою шарасы қолданылады», –  деді Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
БҚО әкімінің сөзінше, ауланған бұралқы иттердің 20-25%-нің көзі жойылады. Ал қалғанын емдеп, стерильдеп, чип тағып, қайта босатпақ.
«Қаңғыбас иттерді аулау мәселесі қалалық мәслихатта қаралып, қосымша қаржы бөлінеді. Өйткені тұрғындардан келіп түсетін шағым саны артып отыр. Біздің өңірде қаңғыбас иттермен күресуде үлгі тұтатын аудандар да бар. Ол жерде иттерді арнайы орында ұстап, күтіп-баптайды. Осы ретте иттерді аулап, оларға ветеринарлық қызмет көрсету бойынша 3 жылға арналған байқау өтті. Жобаның құны – 61 млн теңге. Қосымша тағы 8 млн теңге бөлінетін болады», – деді ол.