Қазақстан көмір тиелген ресейлік вагондардың қозғалысын шектеген жоқ - министрлік
Қазақстан көмір тиелген ресейлік вагондардың қозғалысын шектеген жоқ - министрлік
Фото: РИА Новости
324
оқылды
Әлеуметтік желіде Қазақстан көмір тиелген ресейлік 1 700 вагонының қозғалысын шектегені туралы ақпарат тараған болатын.  Осыған қатысты  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап берді. Аталған министрліктің Көлік комитеті бұл хабарламалардың жалған екенін мәлімдеді.
«Қазақстан аумағында көмір тиелген 1 700 бірлік көлеміндегі ресейлік вагондар жоқ. РТЖ жолдарында да Қазақстанға бағытталған болмаса Қазақстаннан шыққан көмірі бар вагондар тіркелмеген. Ресей теміржолдарымен штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, экспорт пен импорт бойынша ешқандай кідіріс жоқ», – деп хабарлады министрліктің Көлік комитеті теміржол инфрақұрылымы және жүк тасымалы басқармасының басшысы Сәтжан Өзбеков.
Ведомство ресейлік транзиттік вагондардың кешігуі жайлы жалған ақпаратты – екі ел арасындағы қатынасты әлсіретіп, беделін түсіруге бағытталып, қасақана жасалған іс-әрекет ретінде қарастырады. Осы ретте министрлік жалған ақпарат таратқандар Қазақстан және Ресей заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салды.