БҚО-да құны 5 миллиард теңге болатын тергеу изоляторының құрылысы аяқсыз қалған
БҚО-да құны 5 миллиард теңге болатын тергеу изоляторының құрылысы аяқсыз қалған
483
оқылды
Орал қаласында салынуы керек болған тергеу изоляторының құрылысы аяқсыз қалған. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БҚО әкімі Ғали Есқалиев осы мәселеге қатысты түсінік берді. Орал қаласында тергеу изоляторының құрылысы 2 жыл бұрын басталған. Кейін құрылысы аяқталмаған нысан әкімдік балансына өткен.
«Иә, аталған ғимарат біздің баланста. Жобаның құны – 5 млрд теңге. Тергеу изоляторының құрылысын Ішкі істер министрлігі біздің өтінішпен тоқтатты. Себебі ондай мекеме қаланың ішінде болғаны жөн емес деп санаймыз. Яғни, құрылыс басталып, белгілі заңбұзушылық салдарынан аяқталмады. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды», – деді Ғ.Есқалиев.
Облыс әкімінің айтуынша, аяқсыз қалған ғимаратты облыс әкімдігінің балансына беру туралы шешім Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қабылданған.
«Ол ғимаратта медициналық хаб ашамыз деген жоспар болған. Бірақ пандемияға байланысты инвестор өз шешімінен бас тартты. Қазір құрылысы басталған ғимаратты аяқтап, белгілі мақсатта қолдану үшін инвестор іздеп жатырмыз», – деді ол.