Қазақстанда салынатын АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салу керек. Болжам бойынша, оның құрылысына 10-12 млрд доллар қажет. Сондай-ақ АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз. Жалпы, АЭС құрылысын несие беру арқылы немесе коммерциялық жоба аясында салу ұсынылады», – делінген хабарламада.«Қазақстан атом электр станциялары» серіктестігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда АЭС салуға 6 шетелдік компания ниет білдірген.
«Елімізде АЭС салуға ниетті KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), NuScale Power (АҚШ), CNNC (Қытай), General Electric-Hitachi (АҚШ пен Жапонияның бірлескен компаниясы) кәсіпорындарынан ұсыныс түсті. Біз 3 немесе 3+ буынына сәйкес келетін реакторларды салуды қарастырып отырмыз, өйткені олар – қауіпсіз. Бұл бағытта біздің талаптарға сай келетін Ресей, Корея, Франция және Қытай компанияларының реакторлары бар. Ал шағын және орта қуатты реакторларды АҚШ-тың General Electric-Hitachi және NuScale компанияларынан алу бойынша коммерциялық жұмыстар пысықталып жатыр», – делінген серіктестік туралы мәлімдемеде.Жарияланған ақпаратқа сәйкес, елімізде АЭС шамамен 6 жыл ішінде салынады. Алайда ұсынысты қоғамдық талқылаудан өткізуге және қажетті құжаттар дайындауға уақыт қажет. Осылайша, бұл процесс 10 жыл мерзімді қамтуы мүмкін.