Атырауда төбелеске қатысқан 30-ға жуық адамға айыппұл салынды
Атырауда төбелеске қатысқан 30-ға жуық адамға айыппұл салынды
815
оқылды
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 28 адамға қатысты 28 іс қаралды. Құқық бұзушыларға айыппұл салынды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 28 адамның ісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен қаралған. Құқық бұзушылар қоғамдық орында, атап айтқанда, «Атырау» мен «Ақтөбе» футбол командалары арасындағы кезекті матч өтетін стадион алдында төбелескен. Олардың бұл әрекететі айналасындағыларды сыйламау, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу ретінде сараланған. Сот әкімшілік жаза қолдану барысында құқық бұзушылардың жауаптылығын ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Сондай-ақ, сотталушылардың кінәсін мойындағанын, отбасылық жағдайын, әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Сот қаулысымен 2 адамның әрқайсысына 15 315 теңге, ал, 26 тұлғаның әрқайсысына 10 721 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.