Қызылордада бұралқы иттер қауіпті індет тарата бастады. Осылайша, үлкен-кішіге ауыз салып, көптің зәре-құтын қашырған иесіз иттерден қоғамға тағы бір қауіп төнді. Нақты айтқанда, Сыр бойындағы өлкеде иесіз ит пен мысықтардан жұқпалы тері ауруының жұғу көрсеткіші артқан. Медицина тілінде «дерматомикоз» деп аталатын аурудың бұл түрі үй жануарлары мен кеміргіштерден, науқас адаммен байланыс орнатқанда жұғады. Терінің бұзылуы мен тырнақтың сынуы, бастың шаш орналасқан бөлігінің тақырлануы дерматомикоздың алғашқы белгілеріне жатады. Бұл кесел ересектерге де, балаларға да жұғады. Қызылорда облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, қатерлі тері ауруына шалдығу фактілері облысқа қарасты Жалағаш, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында байқалған. Соңғы бес ай көлемінде өңірде қатерлі паразитарлық ауруға қатысты 126 дерек тіркеліпті.
«Паразитарлық аурудың 90,4 пайызы адамдарға ит-мысықтар арқылы жұғады. Ал 9,5 пайызы қарым-қатынас арқылы жұққан. Оның ішінде 115 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Ұлттық сараптама орталығының филиалы қауіпті сырқаттың өршуіне жол бермеу мақсатында дерматомикоз ауруы тіркелген барлық ошақта дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді», – дейді Қызылорда облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Идрисова.Жаз мезгілі – тері аурулары өршитін кезең. Оған қоса, бұралқы иттердің көбеюі де бұл дерттің таралуына әсер етіп отыр. Мамандар жеке бас тазалығын сақтап, қаңғыған иттер мен мысықтарға жақындамауға кеңес береді. Шын мәнінде, «Жануарларды қорғау туралы» заңға өзгеріс енгізіп, иесіз ит-мысықтарды аулау мен жою жұмыстарын жолға қою қажет секілді. Әйтпесе, бұралқы иттен келетін қауіптің азаяр түрі көрінбейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы