Қарағандылық жас отбасылар «Қарағанды жастары» атты ипотекалық бағдарламаның іске қосылуын асыға күтті. Алайда бағдарламаға қатысу шарттары жария етілгенде жастардың кейбір санатының қуанышы су сепкендей басылды. Түпкі мақсаты баспана мәселесін шешу арқылы жас мамандардың өңірде тұрақтап қалуын қамтамасыз етуі тиіс бағдарламаның бағдары көпшілік күткендей болмай тұр. Рас, «Қарағанды жастары» бағдарламасы қарағандылықтар үшін айтулы жаңалық болды. Биыл бағдарлама аясында 75 жас маманды баспанамен қамту жоспарланған. Өкініштісі, бұл бағдарламаға техникалық мамандық иелері қатыса алмайды. Сол секілді әлеуметтік қорғау саласының мамандарының да жеңілдетілген өңірлік бағдарламаға қатысу мүмкіндігі шектелген. Облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов та бұл мамандыққа байланысты шектеу қоюға қарсы шыққандардың пікірі орынды екенін алға тартады.
– Қарағанды – жастардың қаласы. Елорда жақын болғаннан кейін мамандардың көбі сол жаққа жұмыс бабымен ауысып жатады. Ол жақта баспана алудың жолы көп. Түрлі бағдарламаға қарастырылған қаражаттың да сомасы қомақты. «Қарағанды жастары» бағдарламасын қолға алудағы міндет – Қарағандыдағы жас мамандардың тұрақтап қалуын қамтамасыз ету. Бұл мүмкіндікті денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, жекеменшік ұйым қызметкерлері қатыса алады. Өкінішке қарай, аталған салада еңбек ететін техникалық және әкімшілік персоналдар қатыса алмайды, – дейді Біржан Нұржанұлы.Бағдарлама шартына сай әлеуметтік қорғау саласында тек қарттар үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін мамандарға ғана баспаналы болу тетігі қарастырылған. Бағдарлама қатысушылары әуелі мемлекеттік орган қызметкерлері мен депутаттардан, халық өкілдерінен құралған комиссияның іріктеуінен өтуі керек. Комиссия өтініштерді балдық жүйе арқылы бағалайды. Мұнда басымдық саладағы еңбек өтіліне, әлеуметтік мәртебесіне, отбасындағы бала санына қарайды. Сондай-ақ өтінім берушілердің жасы да шешуге мәнге ие. Жауаптылар әр сала өкілдеріне кемінде 5 баспанадан берілетінін алға тартады. Негізінде, Қарағандыда шахтерлар мен металлургтерге арналған бөлек бағдарлама да бар. Онда қатысатын үміткерлер жалпы сомасы 15 миллион теңге болатын ипотекалық несиені ресімдей алады. Ал «Қарағанды жастары» бағдарламасында несие сомасы 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылған. Сонымен қатар жастар жаңа салынған үйден немесе қолданыстағы үйден баспаналы болу мүмкіндігі қарастырылған. Бастысы, Отбасы банкіндегі арнайы есепшотта тұрғын үй бағасының 10 пайыздық бастапқы жарнасы болуы керек. Жылдық пайыздық мөлшерлеме 5 пайызға дейін. Ипотека 19 жыл мерзімге беріледі. Әрі баспананың міндетті түрде «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі болуы керек. Жоғарыда атап өткеніміздей, жаңа салынып жатқан үйден де алуға болады. Қолданыстағы тұрғын үй панельді болса, 50 жылдан, ал кірпіштен салынса, 60 жылдан аспауы қажет.
– Бізге ипотека алуға үміткер жас мамандардың тізімі келгеннен кейін олардың төлем қабілеттілігін тексереміз. Яғни, ай сайынғы қарыз сомасын білген соң оны төлеуге мүмкіндігі бар-жоғы қарастырылады. Және несие тарихын мұқият қараймыз. Несие алған болса, оны өсімпұлсыз төлегені, уақытылы қайтарғаны әсер етеді. Егер айлық табысы жетпесе, 1 немесе 2 кепіл таба алады. Яғни, жақын туыстарына, достарына өтініш жасауына болады. Ол кісілердің де несие тарихы, басқа да құжаттары тексеріледі, – дейді «Отбасы банк» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бауыржан Жуаспай.Айта кету керек, Қарағанды – жастарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еліміздегі үшінші өңір. Бұған дейін «Елорда жастары», «Алматы жастары» атты елдің екі ірі мегаполисінде жастардың баспаналы болуына мүмкіндік берілген. Қарағанды да үлкен орталықтардың бірі. Мұнда да тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жаңа жобаның жүзеге асуына облыс әкімдігі 1 миллиард теңге, ал Отбасы банкі 500 млн теңге бөліп отыр. Әзірге бағдарламаға қарағандылық жастар ғана қатыса алады. Мамандар бәрі ойдағыдай болса, бұл бағдарлама келер жылдан бастап өңірдегі барлық қалада іске қосылатынын айтады.
Қарағанды облысы