Саясаттағы жаңару жасқа қарай ма?
Саясаттағы жаңару жасқа қарай ма?
© коллаж: Елдар Қаба
505
оқылды
Таяуда 70 жастың жотасына жақындаған Да­ниял Ахметов Шығыс Қазақстан облысын тағы бір жыл басқаратын болды. Осыған орай қоғам пікірі қақ жарылды. Бір тарап – шенеуніктің ай­мақтарды бас­қарудағы тәжірибесін мадақтаса, екінші жағы – жастау кадрды тағайындау қажетін айтып жүрді. Не­гізі, биліктің әр саласында жастардың дендеп кө­беюі ел дамуына себеп болады деген қағида жоқ. Де­генмен біз осы мәселені зерделеп, саясаттағы жас­тардың белсенділігін бағамдап көрдік. Былтырғы дерек бойынша, қа­зақстандықтардың орта жасы ша­мамен 32 жасқа тұрақтаған. Ха­лықтың жасы тәуелсіздікпен қатар десек те болады. Бірақ әңгіменің ауаны басқада. Таяуда «Важные истории» басылымы еліміздегі жо­ғары лауазымдағы шенеуніктердің орта жасы 57-де екенін анықтаған. Бір қызығы, салыстырмалы түрде алып қарағанда біздегі шенділер жасы үлкендігі жағынан пост­кеңес­тік елдерді де басып озыпты. Мәселен, басылымның жазуынша, Ресейде шенеуніктердің орта жасы – 55, Беларусьте – 53, ал Украинада 44 екен. Жалпылай қамтығанда, елімізде 2022 жылы мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы 39,7 жас болған. Үш жыл бұрынғы көрсеткіш 39 жас еді. Енді жекелей тоқталсақ, ми­нистрлердің, олардың орынбасар­ларының орташа жасы биыл 45,7 жасты құраған. Соңғы үш жылда ми­нистрлер бір жылға «жасарып­ты». Ал облыстардың, республи­калық маңызы бар қалалар мен ас­тана әкімдерінің, олардың орын­басарларының орташа жасы – 48. Министрлердің ішінде ең жасы – Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров (38 жас­та) болса, облыс және үлкен қала әкімдерінің ішінде ең жасы – Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов (40 жаста). Министрлер ішінде ең егдесі – Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Олар – 57 жаста. Ал өңір басшыла­рының ішіндегі ең үлкені – жо­ғарыда сөз еткен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов (67 жаста). Осы тұста заңды сауал туындайды. Егде жастағы адам­дардың билікте жүруі мемлекеттің дамуына кедергі болмай ма? Ал жастар жағы қайда қалды? Кадр тапшылығын қалай жоямыз? Жоғары лауазымдарға жас­тардың көптеп келмеуінің тағы бір себебі ретінде білікті һәм тә­жіри­белі кадрлардың тапшы екені айтылады. Бұл мәселе бірнеше ай бұрын, атап айтқанда, Қаңтар оқи­ғасынан кейін Үкімет құрамындағы ауыс-түйіс кезінде де сөз болған. Өйткені жаңа құрамға енген тұл­ғалардың тізімінде бұрыннан әр­түрлі лауазымды қызметтерді ат­қарып келген, жұртқа жүзі таныс жандар жүрді. Осыдан кейін қоғам көкейінде сұрақ туындады. Көбі Үкімет құрамы қайтадан ескі кадрлардан жасақталып, «өзгеріс болмағанын» айтты. Әйткенмен, оның себебі тереңде жатқан екен. Елімізде жоғары лауазымдарға тағайындалатын кадр тапшы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездері ашық диалогке құрылған сұхбат бергенін білеміз. Жоғары лауазымды тұл­ға­ларға қатысты кадр тапшы­лығы сонда айтылды. Президент мәсе­леге жеке тоқталып, оның себебін де түсіндірген еді.
«Мен кадрларды жаппай ауыс­тыруға қарсымын. Оларды бі­ліктілігі мен жұмыс сапасына қа­рай бағалау қажет. Жұртшы­лықтың талабымен Үкімет құрамын 100 пайыз ауыстырып, «міне, мен ре­волю­ционермін» деу – менің әді­сім емес. Екінші жағынан, кадр­лар арасында таңдау көп емес екенін мойындау керек», – деді Мемлекет басшысы.
Демек, жағдай кей жұрт ой­лағандай емес тәрізді. Таңдау көп болмаса, кадр тапшылығы бар. Осыдан кейін Жастар кадр резерві ойға түседі. Оның құрамына енген жастар қайда қалды? Мұндай сауал өте көп. Рас, Жастар кадр резерві тыста қалып жатқан жоқ. Кейбірі вице-министр атанып, ведомство ішіндегі департаменттерді бас­қарып, өңірлерде әкім орынба­сары, басқарма басшысы болып қызмет атқарып жатыр. Шамасы, билік олардың осылай әр сатыдан өтіп, пісіп-жетіліп, әлі де тәжірибе жинағанын қалайды. Ал Астана мемлекеттік қызмет хабының бас­қарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов билік кадр таң­дауда білім мен тәжірибеге ғана емес, сенімге де иек артатынын ай­тып отыр.
– Негізінен, Қазақстанда қай саланы болса да басқарып кете алатын білімі мен білігі, тәжірибесі жететін маман көп. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Президент Үкімет мүшелерін немесе басқа сая­си лауазымдағы адамдарды та­ғайын­дарда олардың білімінен бұ­рын сенімге сүйенеді. Дамыған ел­дер­де саяси лауазымдағылардың бірінші міндеті – өз саласында не­месе аймақта Мемлекет басшы­сы­ның саясатына қоғамдық қол­дауды қамтамасыз ету. Мұндай қабілет арқылы сенімге жету үшін олар өз­дерін ашық қоғамдық-сая­си алаңда көрсете алуы тиіс. Сол себепті тағы да әлемдік тәжіри­беге қарасақ, ел­дегі кадр әлеуетін дұрыс пайдалану үшін әділ бәсекелестікке негіз­делген саяси жүйе, әділ және ашық сайлау қажет. Мысалы, сонау 90-жылдары Жоғарғы кеңес құра­мын­да болған­дардың ішінен көп­теген Үкімет мүшелері мен әкім­дердің шыққаны осыған бай­ланысты, – дейді ол.
Айтпақшы, кадр мәселесін арқау еткенде бұрынғы «А» кор­пусы жайлы тілге тиек етпей кету мүмкін емес. Сенім негізінен та­ғайын­далған саяси тұлғалар мен білім және білігі арқылы тағайын­далған кәсіби кадрлар арасында дәнекер болып, мемлекет мүддесін қорғайтын, стратегиялық жоспар­ларды іске асыратын жауапты хат­шы­лар, аппарат жетекшілері та­ғайын­далатын «А» корпусының қарқыны әуелде белсенді болды. Ол лауазымдарға іріктеу 2012, 2013 және 2014 жылдары жария жүрді. Бірақ саяси тұлғалар тарапынан қар­­сылық көп еді. Себебі «А» кор­пусын­дағы жауапты хатшы, ап­па­рат жетекшілері конкурстан өткен соң өзі барған мемлекеттік меке­мемен 4 жылға келісімшарт жасай­тын. Жаңа әкім не министр келсе, келісімшарт мерзімі бітпей оларды орнынан қозғай алмайтын. Қарсы­лық көп болған соң ақыры жауапты хатшылар лауазымы жойылды. Бірақ Қазақстанның сол кездегі «А» корпусын жасақтаудағы тәжірибесі ең дамыған 35 ел құра­мында бар Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы та­ра­пынан жоғары баға алған болатын.  Дамыған ел де егделерге арқа сүйеген Әлем елдерінің саясатында жағымсыз бір термин бар, ол – герон­тократия. Түсінікті етіп айт­сақ, қариялардың билік етуі. «Не­гізінен, авторитар немесе дик­таторлық жүйелерге тән» делінетін бұл сөздің анықтамасы әлі де нақ­тылауды қажет ететіндей. Өйт­кені геронтократия үрдісі дамыған елдерде де белең алып тұрғанына куәміз. Мысалы, АҚШ-тың экс-пре­зиденті Дональд Трамп қыз­ме­тіне кіріскен кезде 70 жаста болды. Ал қазіргі басшысы Джо Байден қызметіне 78 жасында кірісті. Оның үстіне, АҚШ-та шенеунік­тердің орта жасы – 60. Осыған қарамастан аталған мемлекет әлем саясатындағы ықпалы мен эконо­микадағы қарқынын жоғалтып алған емес. Шамасы, жасампаздық жас не кәріге жіктелмейтін болса керек. ТҮЙІН:
Саясатта 30 жасқа дейінгілер жас саналса, 30 бен 49 жас аралы­ғын­дағылар орта буын өкіліне жа­тады. 50-59 жастағылар аға буын есептеліп, 60-тан асқандар ғана егде буынға кіреді. Осы тұста Қазақстан билігін егде­лер емес, аға буын құрап отыр десек қателескеніміз емес. Бұған қара­мастан жастардың саяси белсенділігін де ескерусіз қалдыруға болмасы анық.