Таяуда 70 жастың жотасына жақындаған Даниял Ахметов Шығыс Қазақстан облысын тағы бір жыл басқаратын болды. Осыған орай қоғам пікірі қақ жарылды. Бір тарап – шенеуніктің аймақтарды басқарудағы тәжірибесін мадақтаса, екінші жағы – жастау кадрды тағайындау қажетін айтып жүрді. Негізі, биліктің әр саласында жастардың дендеп көбеюі ел дамуына себеп болады деген қағида жоқ. Дегенмен біз осы мәселені зерделеп, саясаттағы жастардың белсенділігін бағамдап көрдік. Былтырғы дерек бойынша, қазақстандықтардың орта жасы шамамен 32 жасқа тұрақтаған. Халықтың жасы тәуелсіздікпен қатар десек те болады. Бірақ әңгіменің ауаны басқада. Таяуда «Важные истории» басылымы еліміздегі жоғары лауазымдағы шенеуніктердің орта жасы 57-де екенін анықтаған. Бір қызығы, салыстырмалы түрде алып қарағанда біздегі шенділер жасы үлкендігі жағынан посткеңестік елдерді де басып озыпты. Мәселен, басылымның жазуынша, Ресейде шенеуніктердің орта жасы – 55, Беларусьте – 53, ал Украинада 44 екен. Жалпылай қамтығанда, елімізде 2022 жылы мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы 39,7 жас болған. Үш жыл бұрынғы көрсеткіш 39 жас еді. Енді жекелей тоқталсақ, министрлердің, олардың орынбасарларының орташа жасы биыл 45,7 жасты құраған. Соңғы үш жылда министрлер бір жылға «жасарыпты». Ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің, олардың орынбасарларының орташа жасы – 48. Министрлердің ішінде ең жасы – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров (38 жаста) болса, облыс және үлкен қала әкімдерінің ішінде ең жасы – Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов (40 жаста). Министрлер ішінде ең егдесі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Олар – 57 жаста. Ал өңір басшыларының ішіндегі ең үлкені – жоғарыда сөз еткен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов (67 жаста). Осы тұста заңды сауал туындайды. Егде жастағы адамдардың билікте жүруі мемлекеттің дамуына кедергі болмай ма? Ал жастар жағы қайда қалды? Кадр тапшылығын қалай жоямыз? Жоғары лауазымдарға жастардың көптеп келмеуінің тағы бір себебі ретінде білікті һәм тәжірибелі кадрлардың тапшы екені айтылады. Бұл мәселе бірнеше ай бұрын, атап айтқанда, Қаңтар оқиғасынан кейін Үкімет құрамындағы ауыс-түйіс кезінде де сөз болған. Өйткені жаңа құрамға енген тұлғалардың тізімінде бұрыннан әртүрлі лауазымды қызметтерді атқарып келген, жұртқа жүзі таныс жандар жүрді. Осыдан кейін қоғам көкейінде сұрақ туындады. Көбі Үкімет құрамы қайтадан ескі кадрлардан жасақталып, «өзгеріс болмағанын» айтты. Әйткенмен, оның себебі тереңде жатқан екен. Елімізде жоғары лауазымдарға тағайындалатын кадр тапшы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездері ашық диалогке құрылған сұхбат бергенін білеміз. Жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты кадр тапшылығы сонда айтылды. Президент мәселеге жеке тоқталып, оның себебін де түсіндірген еді.
«Мен кадрларды жаппай ауыстыруға қарсымын. Оларды біліктілігі мен жұмыс сапасына қарай бағалау қажет. Жұртшылықтың талабымен Үкімет құрамын 100 пайыз ауыстырып, «міне, мен революционермін» деу – менің әдісім емес. Екінші жағынан, кадрлар арасында таңдау көп емес екенін мойындау керек», – деді Мемлекет басшысы.Демек, жағдай кей жұрт ойлағандай емес тәрізді. Таңдау көп болмаса, кадр тапшылығы бар. Осыдан кейін Жастар кадр резерві ойға түседі. Оның құрамына енген жастар қайда қалды? Мұндай сауал өте көп. Рас, Жастар кадр резерві тыста қалып жатқан жоқ. Кейбірі вице-министр атанып, ведомство ішіндегі департаменттерді басқарып, өңірлерде әкім орынбасары, басқарма басшысы болып қызмет атқарып жатыр. Шамасы, билік олардың осылай әр сатыдан өтіп, пісіп-жетіліп, әлі де тәжірибе жинағанын қалайды. Ал Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов билік кадр таңдауда білім мен тәжірибеге ғана емес, сенімге де иек артатынын айтып отыр.
– Негізінен, Қазақстанда қай саланы болса да басқарып кете алатын білімі мен білігі, тәжірибесі жететін маман көп. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Президент Үкімет мүшелерін немесе басқа саяси лауазымдағы адамдарды тағайындарда олардың білімінен бұрын сенімге сүйенеді. Дамыған елдерде саяси лауазымдағылардың бірінші міндеті – өз саласында немесе аймақта Мемлекет басшысының саясатына қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету. Мұндай қабілет арқылы сенімге жету үшін олар өздерін ашық қоғамдық-саяси алаңда көрсете алуы тиіс. Сол себепті тағы да әлемдік тәжірибеге қарасақ, елдегі кадр әлеуетін дұрыс пайдалану үшін әділ бәсекелестікке негізделген саяси жүйе, әділ және ашық сайлау қажет. Мысалы, сонау 90-жылдары Жоғарғы кеңес құрамында болғандардың ішінен көптеген Үкімет мүшелері мен әкімдердің шыққаны осыған байланысты, – дейді ол.Айтпақшы, кадр мәселесін арқау еткенде бұрынғы «А» корпусы жайлы тілге тиек етпей кету мүмкін емес. Сенім негізінен тағайындалған саяси тұлғалар мен білім және білігі арқылы тағайындалған кәсіби кадрлар арасында дәнекер болып, мемлекет мүддесін қорғайтын, стратегиялық жоспарларды іске асыратын жауапты хатшылар, аппарат жетекшілері тағайындалатын «А» корпусының қарқыны әуелде белсенді болды. Ол лауазымдарға іріктеу 2012, 2013 және 2014 жылдары жария жүрді. Бірақ саяси тұлғалар тарапынан қарсылық көп еді. Себебі «А» корпусындағы жауапты хатшы, аппарат жетекшілері конкурстан өткен соң өзі барған мемлекеттік мекемемен 4 жылға келісімшарт жасайтын. Жаңа әкім не министр келсе, келісімшарт мерзімі бітпей оларды орнынан қозғай алмайтын. Қарсылық көп болған соң ақыры жауапты хатшылар лауазымы жойылды. Бірақ Қазақстанның сол кездегі «А» корпусын жасақтаудағы тәжірибесі ең дамыған 35 ел құрамында бар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы тарапынан жоғары баға алған болатын. Дамыған ел де егделерге арқа сүйеген Әлем елдерінің саясатында жағымсыз бір термин бар, ол – геронтократия. Түсінікті етіп айтсақ, қариялардың билік етуі. «Негізінен, авторитар немесе диктаторлық жүйелерге тән» делінетін бұл сөздің анықтамасы әлі де нақтылауды қажет ететіндей. Өйткені геронтократия үрдісі дамыған елдерде де белең алып тұрғанына куәміз. Мысалы, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскен кезде 70 жаста болды. Ал қазіргі басшысы Джо Байден қызметіне 78 жасында кірісті. Оның үстіне, АҚШ-та шенеуніктердің орта жасы – 60. Осыған қарамастан аталған мемлекет әлем саясатындағы ықпалы мен экономикадағы қарқынын жоғалтып алған емес. Шамасы, жасампаздық жас не кәріге жіктелмейтін болса керек. ТҮЙІН:
Саясатта 30 жасқа дейінгілер жас саналса, 30 бен 49 жас аралығындағылар орта буын өкіліне жатады. 50-59 жастағылар аға буын есептеліп, 60-тан асқандар ғана егде буынға кіреді. Осы тұста Қазақстан билігін егделер емес, аға буын құрап отыр десек қателескеніміз емес. Бұған қарамастан жастардың саяси белсенділігін де ескерусіз қалдыруға болмасы анық.