Ресейден заңсыз, көлеңкелі жолдармен астық тасылып жатыр. Мұны кеден қызметі де, Астық одағы да растады. Қазірдің өзінде ресейлік бидай импортының көлеңкелі айналымы 2 миллион тоннаға жеткен. Оның елге зияны бар: алаяқ экспорттаушылар бюджеттен миллиардтаған сомада қолдау көмекті негізсіз алады. Сонымен бірге астық саудасы бойынша 2021-2022 маркетингтік жылы аяқталды. Қорытындысы қандай? Қазақстан қанша астығын шетелге экспорттай алды? Жаңа астықтың көлемі қандай болады? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік. Мақтануға емес, ұялуға негіз көп Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл өткен сайын астық көлемі құлдырап барады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, дәнді, дәнді-бұршақты дақылдарды қоса алғанда, былтырғы 2021 жылы бар-жоғы 16,6 миллион тонна ғана астық жиналды. Бұл 2012 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш, антирекорд! Басқаша айтқанда, отандық егін шаруашылығы дамуда он жылға кері шегініп кетті. Былтырғы астық көлемі пандемиялы 2020 жылдың өзінен 18%-ға кем болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған «қолайсыз ауа райы жағдайларын» айыптады. Ал сарапшылар бұған саладағы біліксіз саясат, субсидиялау құралының тиімді пайдаланылмауы себеп деген ойда. Тіпті, құрғақшылық кезінде де жоғары өнім жинауға мүмкіндік беретін тамшылатып суару секілді технологиялар кеңінен енгізілмеді. Сондай-ақ Қазақстан бүкіл ТМД көлемінде әр гектардан ең аз өнім алады: былтыр әр гектардан 10,3 центнерден ғана айналды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш өткен жылы Украинада – 46,5, Беларусте – 30,7, ал Ресейде – 27,2 центнерді құрады. Дамыған елдерде одан да жоғары: мысалы, Жаңа Зеландияда әр гектардан 120 центнерден бидай алады. Қазақстанда шығымдылық биылғы жылы да аз болады деп болжанды. Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашүкеевтің жорамалдауынша, ол көрсеткіш 2022 жылы орташа жылдық деңгейде ғана болады. – Осы жылы көктемгі егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды. Топырақта қордаланған ылғалды сақтап қалуға бағытталған жұмыстар уақытылы жүргізілді. Қазгидрометтің ауа райына қатысты болжамы қолайлы. Дегенмен орташа жылдық көлемде астық жиналады деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде бидайға келсек, оның жалпы көлемі шамамен 13-13,5 млн тоннаны құрайды деп болжаймыз. Егер жаңбыр жақсы жауса, астық былтырғыдан 15 пайызға жоғары болады, – деді министр. Яғни, коронавирус шектеулері аграршылардың адымын аштырмаған 2020 жылғы көрсеткішке де жетпейтін түрі бар. Салыстыра кетсек, 2014 жылы Қырымды, Луганск пен Донецкіні басып алғалы бері Батыстың үстемеленген санкциялық соққысының астында қалған Ресей астық жинау қарқынын үдемелете арттырып келеді. Бидай жинау жөнінен солтүстік көрші 2017 жылдан бері рекорд орнатуда. 2019 жылы 128 млн тоннадан астам астықты қамбаға құя алды. 2020 жылы 133,5 миллион тонна астық орды. Ақпарат құралдары бір қызықты деректі келтіреді: Кеңес Одағы барлық 15 республиканы, тіпті солдаттар мен студенттерді жұмылдыра отырып, бұдан әлдеқайда аз жинаған: қызыл империяның 1978 жылғы астық рекорды 127 млн тонна болды. Яғни, бүкіл КСРО бастырған астықты жалғыз Ресей жинайды. 2021 жылы Ресей өңірлерін жайлаған тілсіз жау және қуаңшылық салдарынан егін шамалы азайып, таза салмақта 120,7 миллион тонна болды. РФ ауыл шаруашылығы министрі Дмитрий Патрушевтің болжамынша, Ресей 2022 жылы жаңа рекорд жасайды: 130 миллион тонна көлемінде астық ормақ. Ал Қазақстандағы жауапты шенеуніктер болса, бейбіт күнде, ешқандай санкциясыз-ақ егін шаруашылығын жарға жығып отыр. Айтпақшы, территориясы қазақтардан 5 еседей аз (жерінің 20 пайызын биыл Ресей басып алды) Украинаның өзі еуропалық жоғары технологияларды қолдану арқасында біздегіден 8 есеге дейін көп астық алады. Аграрлық саясат және азық-түлік министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы Украина 106,6 млн тонна рекордтық астыққа қол жеткізді. Бұл – республиканың бүкіл тарихындағы абсолютті максимум саналады. 2022 жылға дейін Украина жүгері экспорты жөнінен жаһандық көшбасшы болды. Әрине, өкінішке қарай соғыс кесірінен биыл көптеген облыстарында украиналық егіншілер егін еге алмады. Ресейден бидай сатып алып отырмыз Американың Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметінің ақпараты бойынша былтыр Ресейдің әлемдік бидай экспортындағы үлесі 16%, ал Украинаның еншісі – 10% болған. Көшбасшылар қатарында Еуроодақ (үлесі 18%), Аустралия (13%), АҚШ (11%), Үндістан (5%) бар. Ал дүниежүзінде тоғызыншы территорияға иелік ете отырып, Қазақстан бүгінде әлем түгіл, өзін әзер асырайтын жағдайда. Бар астық шетелге сатылып кетіп, елде тапшылық туындамауы үшін Үкімет астық пен ұн экспортына биыл шектеу енгізуге мәжбүр болды. Әйтпесе қазіргідей өнім бағасы шарықтаған шақта егіншілеріміз шетелдік жаңа нарықтарды игеріп, көл-көсір пайда табатын еді. Олай болмады. Тиісінше, Қазақстанның әлемдік экспорт нарығындағы үлесі 0-ге жуықтады. Сорақысы сол, осы дәстүрлі салада Қазақстанның өзі шетелдік импортқа тәуелді. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов Астық одағының бағалауына жүгіне отырып, ресейлік астықтың көлеңкелі импорты проблемаға айналғанын мәлімдеді. Оның мәліметінше, көлеңкелі импорт 2 миллион тоннаға жетті. Масқара болғанда, ресейлік астық әлемге қазақстандық астықтың «терісін жамылып», сатылуда екен. «Ресейден импортталатын бидай көбіне әртүрлі сұр кестелерді пайдаланады. Өйткені көршіде бидай әлдеқайда арзан тұрады. Содан экспорттаушыларымыз астықты іргелес елден сатып алуға әуестеніп кетті. Мұның жолын кесу үшін мемкірістер органы «Атамекен» палатасымен бірлесіп, қосылған құн салығын оңайлатылған түрде қайтарудың пилоттық жобасын іске қосты. Осы жобаға қатысу туралы меморандум бекітетін экспорттаушыларға ҚҚС тексерусіз және айыппұл санкцияларынсыз қайтарылатын болады», – деді Қайрат Миятов. Ал жобаға кірген экспорттаушылардың ресейлік астықты қазақстандық деп сатпауын – осы бағдарламаның үйлестірушісі ретінде «Атамекен» палатасы кеденшілермен, салықшылармен бірге қадағаламақ. Әзірге пилоттық жобаға тек 20 салық төлеуші қызығушылық білдіріпті. Оның 7-еуі ғана – экспорттаушы, қалған 13-і – астық өсіріп, нарыққа жеткізуші отандық аграрлық компаниялар. Егер орыс астығын шетелге сатудан күреп пайда табатын болса, сондай-ақ ол үшін Қазақстан бюджетінен ҚҚС түрінде қолдау қаржыны бәрібір ала алса, экспорттаушыларға керісінше, жұмысын «пилотсыз» жалғастыру тиімдірек көрінеді. Айта кету керек, 2019-2021 маркетингтік жылы Қазақстан Ресейден 145 миллиард теңгеге 2,7 млн тонна бидай сатып алыпты. Биылғы көлем одан әлдеқайда көп болмақ. Өз кезегінде Қазақстан былтыр 2,1 трлн теңгеге 20,2 млн тонна бидай экспорттады. Осы орайда мемлекет 2019-2021 маркетингтік жылы бидай және ұн экспорттаушыларға 127 млрд теңге көлемінде ҚҚС-ті қайтарып, қолдау көрсетіпті. Қазақстан Қытай нарығынан айырылды Сонымен, 2021-2022 маркетингтік жылы аяқталып қалды. Қазақстан 6 миллион тоннадай ғана астықты экспорттай алды. Бүгінде 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін экспортқа шектеу енгізілді. Соған қарамастан, алдағы 2022-2023 маркетингтік маусымда республика 7,3-9 млн тонна аралығында бидай экспортын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, бұл жылы да Қазақстанға бидай экспорттауда Орталық Азия, Ауғанстан және Иранмен шектелуге тура келді. Былтыр жиналған және алдыңғы жылдан қалған бүкіл бидайдың 85 пайызын солар алды. Қалған 15 пайызы Түркияға, Еуропалық одақ елдеріне, Әзербайжанға, Грузияға жөнелтілген. Кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «бидай үшін алып Қытай нарығы ашылды!» деп жаһанға жар сала мақтанған. Бірақ Астық одағы маманының байламынша, одан үлкен нәтиже шықпады: былтыр Қытай Қазақстаннан келетін бидай және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына толық тыйым салып тастады. Шығыс көршіде 2020-2021 жылдары қатаң карантин шаралары жалғасты, шекарада әрбір вагон тексеріліп, індетке қарсы өңделді. Мұның бәрі уақыт алады, кеден бекеттерінің өткізу қабілеті шектеледі. Сондықтан шың елі басымдықты тауарлар тізімін бекітіп, электроника, сирек метал, технология сияқты өнімдерді бірінші орынға қойды, басқасын ысырды. Пандемия басталғанға дейін ҚХР Қазақстаннан бидай, арпа, күнбағыс тұқымын, зығыр, кебек сатып алатын. Енді Қытайға экспорт 90 пайыздан артық құлдырап, бұл нарықтан мән кетті. Жұңғо елі қазір бұл өнімдерді Ресей мен Аустралиядан импорттауда. Сондай-ақ биыл соғыс кесірінен және батыстық санкцияларға бола, Ресейдің Қара теңіздегі порттары арқылы астық тасымалы дағдарды. «Қара теңіздегі күрделі жағдайға байланысты экспортты Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағдары бойынша Грузия порттарына қайта бағдарлауға талап жасалды. Дегенмен одан да бәлендей ештеңе шыға қоймады. Екі проблема туындаған: біріншіден, Қазақстан, Грузия порттарының өткізу қабілеттілігі төмен, екіншісі – жол шығыны қымбат. Себебі Грузия теңіз порттарына дейін жеткізу құны өнімнің әр тоннасына 100 доллардан айналады. Ал дәстүрлі маршруттерде бұл 70 долларға тең. Яғни, өнімнің әр тоннасының өзіндік құны бірден 30 долларға қымбаттап шыға келеді. Әрі ол дәліздің тез өткізе алмауы кесірінен тауар ұзақ тұрып қалады. Сондай-ақ инфрақұрылым экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік бермейді. Салдарынан, қазақстандық астықтың әлемдік жаңа нарықтарға шығуына тосқауыл болып отыр», – деді Евгений Карабанов. Қорыта айтқанда, Қазақстан дәстүрлі нарығына таскенедей жабысып, өз аймағына тәуелділігін арттырудан басқа амалы жоқтай. Бірақ Ауғанстан нарығынан қазақтарды ресейліктер мен өзбектер ысырып жатыр.