Шымкенттіктер қала күнін атап өтті
Шымкенттіктер қала күнін атап өтті
373
оқылды
Шымкенттіктер «Қала күні» мерекесін бір апта бойы тойлады. Аптаның алғашқы күнінен басталған іс-шаралар 19 маусым – Қала күнінде қорытындыланып, соңы «Шарықтай бер, Шымқалам» атты мерекелік гала-концертке ұласты. Олардың қатарында әрқайсысы сән-салтанаты келіскен «Фан клубтар» шеруі, «Би батл» фестивалі, «Ортағасырлық Шымқала керуені», «Музейдегі түн», «Қолөнершілер көрмесі» және «Шымкенттің шырайы – Шәмші», «Балмұздақ фест» сынды керемет шаралармен толықты.

Үздік тауарлар анықталды

Ал 3 күнге созылған «Қазақстан­ның үздік тауары-2022» өңірлік бай­қау-көрмесінде өңірімізде өндірілген сан алуан тауар жұртшылыққа ұсы­ныл­ды. Шымкент қаласының кәсіп­керлер палатасы мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен табиғат аясында орталық саябақта өткізілген бұл жолғы көрменің бәсі де бөлек болды. Мұнда қаланың азық-түлік, фарма­цевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені мен құрылыс индустриясының 70-тен астам тауар өндірушісі өз экспозиция­ларын орналастырды. Олардың қатарында биыл алғаш рет қатысып отырған кәсіпкерлер жаңа жобалары­мен, яғни жаңа өніммен байқауда бақ сынады. Декоративтік тастар өндіре­тін «Бесқұдық тас» ЖШС, дезинфек­циялаушы және жуғыш заттар шығаратын Topseller of chemical products ЖШС, металл құрылымын ала келген Qut-Bereke Qurylys ЖШС және Quraq group ЖШС (трансформер жиһазы), Alem Luxury ЖШС (жиһаз), «БАРАКА» ЖК (сүт өнімдері), NURTAU distribution company ЖШС (сұлы шоколад кәмпиттері мен сағыз өндірісі), «Петухова» ЖК (бөлме­аралық есіктер) көздің жауын алар, заман талабына жауап беретін өнім­дерін ұсынған. Үздік сапа иесін анықтау мақса­тында ұйымдастырылған шараға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат депутат­тары, кәсіпкерлер келіп, барлық павильонды аралап көрді. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты. Шымкент қаласының Кәсіпкер­лік және индустриaлды-инновация­лық даму басқармасың басшысы Береке Дүйсебеков байқауға үшінші мегаполистегі 700-ден аса өндіріс орны­ның таңдаулы 80-ге жуық кәсіп­керлік нысаны қатысып отырғанын жеткізді. «Шымкент қаласының өндіріс орындары жағынан әлеуеті өте жоғары. Елімізде фарма­цевтика саласы бойынша біздің қаламыз алдыңғы қатардан көрініп отыр. Себебі шымкенттік фарма­цевтика­лық кәсіпорындар панде­мия кезінде еліміздің біраз аумағын керекті меди­цина­лық құралдармен, қорғаныс заттарымен қамтып отыр­ды. Одан бөлек, құрылыс материал­дары, жеңіл және тамақ өндірісі де алдыңғы қатардан көрінеді. Бұл тұрғыдан тауарларымыз тіпті көрші мемле­кет­терге шығарылып жатыр. Кәсіпкер­леріміз мемлекеттің қол­дауын сезіне отырып, жаңа идеяларды жүзеге асы­рып жатыр. Мемлекет басшысы алдағы 5 жылдыққа ұлттық бағдар­ламаны бекітті. Оның бірі – сыртқы шикізатқа тәуелділікті азайту. Біз қазір терең өңдеу саласына ба­сым­дық бердік. Күнделікті тұтынатын заттар­ды өзімізден шығаруды қолға алып жатырмыз, бұл жұмыс күшін көбей­тіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз», – деп атап өтті басқарма басшысы. Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молда­сейітов көрмеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Оларға шымкенттік­тердің еңбекқор екенін, Қазақстан бизнесінің 50 пайызын көтеріп жүргенін айтып шабыт берді. Үздік тауарлар байқауында «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы жаны­нан құрылған арнайы сараптамалық комиссия үш номинация бойынша конкурс дипломанттарын таңдады. Олардың қатарында «Халық тұтына­тын үздік тауарлар» номинациясын сұлы шоколад кәмпиттері мен сағыз шығаратын NURTAU distribution company ЖШС, ойыншық өнімдері­мен танымал «Байтемирова Р.С» және «Бал Декор» компаниясы жеңіп алды. Ал, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясын металл құрылымын өндіретін Qut-Bereke Qurylys ЖШС, «Қаз Мед Пром» және Mega Smart жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері еншіледі. «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша «Рахат-Шымкент» ЖШС, Phyto-apipharm және Nefis group компаниялары жеңімпаз болып танылды. Енді аталған үздіктер жыл соңын­да Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауына жолдама алды. Шәмшіге құрмет көрсетілген күн Қала күнінің тағы бір ерекше шарасы – «Шымкенттің шырайы – Шәмші» атауымен өткізілген композитор Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне орай өткен концерт. Шығар­ма­шылық концерт Шәмші аллеясында өтті. Мерекелік шараға қатысқан қала әкімі М.Әйтенов жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтап, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына зор үлес қосып жүрген 10 азаматқа «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады. – Қала күні – қала халқы үшін ерекше мереке. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына арналған түрлі іс-шара бір апта бойы өтіп жатыр. Солардың ішінде айрық­ша атап өтетін салтанатты концерт ұлтымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың рухына бағышталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерек­шелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Халқымыздың ұлы тұлға­сына, қазақ музыкасына көрсетілген құрметпен баршаңызды құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер! Халқымыздың бағына туған Шәмші ағамызға арналған концерт аясында, қала күні қарсаңында бүгін біз дәстүр бойынша «Шымкент қаласының құрметті азаматы» мәртебесін салтанатты түрде марапаттағалы отырмыз. 4 жыл бұрынғы тарихи шешім өзінің өмір­шеңдігін көрсетті. 4 жылда қаламызда тұрғындар саны 12 пайызға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, қала бюджеті 3,9 есеге артты. Барша жетіс­тік тұрғындардың белсенділігі мен қолдауының арқасында болып отыр. Шәмшінің әуезді әндері әрбір үйдің қуанышында шырқалсын! – деп тілек білдірді қала басшысы Мұрат Әйтенов. Мерекелік концертте Шымкент қалалық эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен вальс падишасының әндері шырқалды. Шығармашылық кеште елімізге еңбек сіңірген әншілер – Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Нұр­­ғали Нүсіпжанов, Медеу Арын­баев, Уралхан Сейілбекова, Нұржамал Үсенбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев сияқты өнерпаздар өнер көрсетті. Қала күні одан ары Арбат демалыс алаңында «Балмұздақ фест» шарасы­мен, Әл-Фараби алаңында «Шарық­тай бер, Шымқалам» атты мерекелік гала-концертпен жалғасты. Гала-концертте еліміздегі барша қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетті. Айта кетейік, биыл Шымкентте қала күні үшінші рет тойланып отыр. 2 200 жылдық тарихы бар көне қала осыдан 4 жыл алдын мегаполис статусын алды.

Шымкент қаласы