Балабақша кезегінің бірыңғай базасы құрылады
Балабақша кезегінің бірыңғай базасы құрылады
Фото: vezha.ua
839
оқылды
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев балабақшаға кезектің бірыңғай базасы құрылатынын айтты.
«Мектеп жасындағы балалар үшін жоспарланған 34 мыңнан астам орынды қамтитын 322 балабақша ашылады. Оның 9,4 мың орынға арналған 130 балабақшаны 5 ай ішінде ашу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 99,3%-ке дейін жеткізу белгіленген. Жекеменшік балабақшаларда орын алатын келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, білікті мамандармен қамтамасыз ету, сондай-ақ бейнебақылау, жиһазбен жабдықтау талаптарының орындалуын қадағалау, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік тетік арқылы жақсартту көзделген», – деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Вице-министрдің сөзінше, осы жылы 15 мыңнан астам тәрбиеші жаңа модель бойынша қажетті курстардан өтіп жатыр. Осылайша балабақшадағы тәрбиелеу сапасы артпақ.
«Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезектің бірыңғай базасын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында үздік балабақшалар негізінде 34 құзыретті орталық ашу жоспарланып отыр. Биыл алғаш рет 25 мыңнан астам баланы оқу орындарына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылуда. Әкімдіктер 515 мектеп автобусын сатып алады. Алғашқы автобустар осы айдың ішінде Ақмола облысына жеткізіле бастайды», – деді Ғани Бейсембаев.