Бұл күндері Президенттің Санкт-Петербор форумындағы пікірі көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Қазақстанға қарсы айтылған қисынсыз көп сөздің нүктесін қойып, халықаралық саясаттағы еліміздің ұстанымын батыл сипаттауы халықтың көңілінен шыққандай. Осы орайда Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін де негізсіз уәждерін тықпалап, бізге қарсы пікірін оңды-соңды айтып жүргендер хақында Сенат депутаты Нариман Төреғалиевпен сұхбаттасқан едік. – Нариман Төреғалиұлы, Мемлекет басшысының Санкт-Петербор форумындағы батыл мәлімдемелерін сіз қалай қабылдадыңыз? – Бұл мәселелер қоғамда көптен бері айтылып жүрген еді. Мемлекет басшысы Ресейдің белсенді депутаттары немесе қоғам, мәдениет қайраткерлері, журналистері тарапынан біздің елге қатысты айтып жүрген пікірлерімен келіспейтінін айтып, мұндай сөздер екі ел арасындағы байланысқа кері әсерін тигізетінін атап өтті. Шынында, біздің елге қатысты әлгі пікірлер соңғы жылдары көптеп айтылады бастады. Оған депутаттар, түрлі қоғамдық ұйым өкілдері, белсенділер қарсы жауап берген болатын. Санкт-Петербордағы экономикалық форумдағы Президент пікірі осы мәселенің нүктесін қойғандай. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Украинадағы арнайы операцияға қатысты да батыл көзқарасын білдірді. Біріншіден, БҰҰ жарғысындағы біртұтастық пен ұлттың таңдауына қатысты түрлі пікір бар. Соны біле тұра, мемлекеттің тәуелсіздігін тану мәселесін әр ұлттың өз таңдауына қалдыра берсек, әлемде 500-600 мемлекет пайда болар еді. Оның соңы бейберекетсіздікке апаратыны түсінікті. Сол себепті де Қазақстан Тайвань, Косово, Абхазия мемлекеттерін мойындамайды. Президенттің кешегі сөзі осы төңіректе болды. Және де Мемлекет басшысы Луганскі мен Донецкіні квазиқұрылымдарға теңеді. Біздің мемлекет өзге елдермен экономикалық, саяси бағыттарда белсенді қарым-қатынас орнатады. Қазіргі жағдай елдің жеке, дербес өмір сүре алмайтынын көрсетіп отыр. Сәйкесінше, Қазақстанның басты ұстанымы әрбір елдің тәуелсіздігін, егемендігін сыйлаймыз. Олардың ішкі саясатына араласпаймыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мемлекет басшысының мұндай мәселелерге қатысты пікір білдіруін дұрыс деп санаймын. Неге десеңіз, әлгіндей әңгімелер елдердің арасына іріткі салады. Бұл пікірлерді дұрыс жағынан түсініп, ұстамдылық танытатындармен бірге айтылған уәжді желеу етіп, оны ушықтыра түсетіндер де табылады. Біз ұлтаралық мәселелерде аса сақ болғанымыз жөн. Бұл – тұтас мемлекеттің тағдыры. Бір сөзбен айтқанда, Президенттің сөзі әлгіндей пікірлерді айтып жүргендердің санасына жетті деп ойлаймын. – Десе де, ресейлік кейбір сарапшылар әлгіндей пікірлерін үдете түскендей. Олардың айылын жию үшін қайтпек керек? –Батыл пікірлерді біздің қоғамдағы түрлі топ өкілдері де айтты. Менің ойымша, Мемлекет басшысының пікірі сол елдің ұстанымын, ондағы күллі халықтың көзқарасы ретінде қабылдануы керек. Ал біздің Президент өз сөзінде егемендігімізге, тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін әңгімелерді тоқтатуға емеурін танытты. Осыдан соң шектен тыс батылдық танытып, қарсы пікір айтып, отқа май құя беруге болмайды. Халықаралық қатынас тұрғысынан қандай да болмасын пікір айтарда жақсылап ойланып, оның салдарын тереңнен түсініп алғанымыз жөн. – Жалпы, әлгіндей пікірлерге қарсы қазақстандық сарапшылардың реакциясы қалай болуы керек? – Мұндай сәтте сыртқы саясатқа жауап беретін ведомствоның үн қатқаны дұрыс деп ойлаймын. Мемлекет атынан Сыртқы істер министрлігі секілді тиісті мемлекеттік органның жауап бергені дұрыс. Олардың ресми мәлімдемесі тұтас мемлекеттің позициясын білдіреді. Ал кез келген адамның пікірін жеке адамның көзқарасы ретінде таниды. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі әлгіндей жағдайларға қатысты дер кезінде жауап беруі керек. – Әңгімеңізге рақмет!