Екі жылдан бері елдегі кәсіпкерлікті қолдау мақсатында тиісті органдардың тексерісіне тосқауыл қойылған. Әйткенмен мемлекеттің мейірімін біздегі бизнес субъектілер басқаша түсінген сыңайлы. Себебі соңғы уақытта шағын және орта кәсіпкерлікке жататын қоғамдық тамақтану орталықтарында ас ішіп, уланғандар көбейді. Жаппай улану жиілеген Бес күн бұрын тағы сол Атырауда екі күннің ішінде 9 адам құс етінен дайындалған донерден уланып қалды. Бұл жолы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешова «өңірде тамақтан улану дерегі жыл басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр» деп ақталды. Жуырда Рудныйда колледждің 35 студенті жаппай уланды. Қостанай аумақтық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы оқиғадан кейін асханадағы азық-түліктер мен су сынамаларын алып, тиісті тексеріс жасағандарын айтты. Зардап шеккендердің 14-іне «Жіті гастроэнтерит» диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылды, қалғандарына амбулаториялық ем тағайындалған. Алдыңғы айда Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Елена Гартман жыл басынан бері қалада 72 адам тамақтан уланғанын жеткізген. Айтуынша, күн райының жылынуына байланысты тағамды дұрыс сақтамаудың салдарынан улану оқиғалары жиілеген. «Тамақтан улану белгілерінің инкубациялық кезеңі 30 минуттан 24 сағат аралығында байқалуы мүмкін. Дегенмен көп жағдайда улану белгілері 2-6 сағат аралығында айқын көрінеді. Науқастың бойында жүрек айну, құсу, диарея (іш өту), әлсіздік, ұйқы қашу, асқазан немесе ішек ауруы, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі сиякты белгілер пайда болады. Жалпы, сырқаттанудың кезеңі адам ағзасының жасына және жалпы жағдайына, бактериялардың немесе токсиндердің алуан түріне, қабылданған тамақ мөлшеріне байланысты. Ересектерге қарағанда кішкентай балаларда астан улану әлдеқайда ауыр жағдайда өтеді. Сондай-ақ тамақтан уланғанда өздігінен емделу қауіпті», – дейді ол. Маманның мәлімдемесіне көп уақыт өтпей жатып, қаладағы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларына тағы да тамақтан уланған 64 науқас жүгініп, оның 52-сі ауруханаға жатқызылса, 12-сі амбулаторлық ем алғаны туралы қалалық медициналық ұйымдардан шұғыл хабарламалар түскен. Науқастардың барлығы бір қоғамдық тамақтану орнында тамақтанғанын айтыпты. Тексеру барысында ас әзірлейтін нысаннан бірқатар заңбұзушылық анықталған. Мәселен, барлық технологиялық процесс ас үйдің бір бөлмесінде жүргізіліп, цех бойынша учаскелерге бөлу қарастырылмапты. Бөлшектеу жабдықтарын таңбалау, пайдалану және сақтау талаптары да сақталмаған. Бұдан бөлек, азық-түлік өнімдерін және азық-түлік шикізатын сақтау кезінде қажетті қағидат мүлдем ескерілмеген. Ал қызметкерлерді жұқпалы аурулардың болуына тексеру журналы атымен жоқ. Тексеру жүйесін жетілдіру керек Қолданыстағы талапқа сәйкес, елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған. Яғни, бизнес өкілдерін бейберекет тексеруге болмайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерді қолдаудың бұл ережесіне талас жоқ. Дегенмен жөн-жосықсыз тексерісті тоқтатудың соңы тағамнан улану жағдайларын жиілетіп жіберген секілді. «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменованың айтуынша, соңғы уақытта тамақтану орталықтарында санитарлық стандартқа жүрдім-бардым қарайтындар көп. Оның үстіне СЭС мамандары да рұқсат қағазын «бармақ басты, көз қыстымен» бермесіне кепілдік жоғын жеткізді. «Тамақ дайындау орталықтарындағы талап етілетін ереже толық сақталмайтынын күнде көріп жүрміз. Қарапайым ғана қол жуатын жері жоқ, кейде ас дайындаушылар кір қолымен тамақ дайындайды. Адамның өмірі мен денсаулығын қорғау қажет. Зардап шеккен адам ауырып жазылғанымен, оның салдары бәрібір қалады. Сол үшін адам өміріне қауіп әкелетін осындай жағдайдың көбейгені көзге көрініп тұрса, уақытша мораторийді тоқтатып, тексеру жүргізілгені дұрыс. Егер қалай болса солай тексеріп, анықтамасын жазып беру жағдайы болса, ол үшін жауапкершілік қатаңдатылғаны жөн. Яғни, стандартқа селқостық танытқан тамақтану орталығының иесі мен адам өміріне бей-жай қарап, жалған анықтама берген СЭС маманын да бірге қосып жауапкершілікке тарту керек», – дейді Бақыт Түменова. СЭС-тен сескенбейді Олардың сөзіне сенсек, тексеріс заңға сай жүргізіледі екен. Мәселе – кәсіпкерлерді қолдауға арналған мораторийден бөлек, санитарлық нормалардың бұзылу фактілеріне көз жұма қарайтын тұрғындардың селқостығы да себеп болып отыр. Өкінішке қарай, қазір кафе, дүкен, асхана сияқты орындар шағын және орта бизнес ретінде саналғандықтан СЭС мамандарының оларға сөзі жүрмейді. Жылына бір рет тексерілетін кәсіпкерліктерге содан кейін тек адам уланып, арыз жазған жағдайда ғана баруға мүмкіндік берілген. Ал астан уланғандардың көбі арыз жазуға құлық танытпайды. Оның үстіне тамақтану орындары мен дүкендерде тазалық сақталмаса, ескерту жасалып, айыппұл салынады. Оларды жеке бизнесті дамыту жобасына байланысты жауып тастауға тағы болмайды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың сөзінше, Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін белгілі бір жеңілдік берді. Жылына 1 реттен жиі болмайтын тексерулердің еселігі анықталып, тексеру жүргізілгені туралы хабарды бақылаушы мемлекеттік орган алдын ала беруге міндеттеледі. Өрескел бұзушылықтар болмаған жағдайда, 1 жылға дейін тексерулерден босату көзделген. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығына қауіп-қатер әкелетінін айтқан Е.Байтанаев «Биылдың өзінде алты күн ішінде республикада тамақтан уланудың 4 жағдайы тіркелді. Зардап шеккендер саны 180 адам, оның ішінде 44 бала бар» деп отыр. Айталық, Екібастұз қаласында Еl-Tay мейрамханасындағы іс-шараға қатысқан 60 адамға жедел жәрдем көмегі қажет болыпты. Оның ішінде 46 адам ауруханаға жатқызылды. Атырау қаласында да 14 адам астан уланып, оның ішінде 12 адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Мұндағы 2 бала «Атырау Афиша стрит фуд» мекемесінен тамақтанған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтандағы Okadzaki суши-барында дайындалған сушиден 101 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 71 адам аурухана төсегіне таңылыпты. Жалпы, алты айда республика бойынша тамақтан уланудың 19 жағдайы тіркелген. Одан 367 адам зардап шексе, оның ішінде 113 бала бар. Тексеру мен қозғалған қылмыстық іс аясында 3 объектіге 2 миллион 190 мың теңге мөлшерде айыппұл салынды. «Осы мекемелердің барлығына тиісті тексеріс жүргізіп, көптеген заңбұзушылық анықталды. Көбісінің рұқсат құжаттары болмаған. Жұмысқа тартылған қызметкердің медициналық кітаптары жоқ. Қауіпсіздікті растайтын құжаттарсыз азық-түлік сатып алынып, дайындау және жарамдылық мерзімі белгіленбеген шұжық өнімдері пайдаланылған. Рұқсат берілмейтін үй жағдайында әзірленген тағамдар дайындалған. Сорақысы, қызметкерлер арасында сальмонеллез қоздырғыштарын тасымалдағандары да белгілі болды», – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев. Сондықтан алдымызға қойылған астың адалына көз жеткізбей ауызға салуда абай болу керек-ақ. Сол үшін мамандар кез келген тамақтану орталығы мен асқа тапсырыс берер алдында жеткізу уақыты 40 минуттан асатын болса, тапсырыс беруден бас тартуға кеңес береді. Құрамы термиялық өңдеуді, әсіресе теңіз өнімдерін қамтымайтын тағамдарға тапсырыс беруден, жағымсыз иісі немесе күмәнді көрінген астан аулақ болу қажет.