Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән берілген. Әсіресе, «Бизнестің Жол картасы–2025» сияқты мемлекеттік бағдарламалар көп азаматқа өз кәсібін ашуға сеп болып келеді. Міне, сондай жанның бірі – ерекше кәсіпке ден қойған Абзалхан Әбдіраш. Ол синтепон мақтасын өндіреді. Тараз қаласының тумасы бұл бизнес жобаны бір жарым жыл бойы жоспарлап келген екен.
– Шу қаласындағы туысқандарыма жиі барып тұрамын. Ол кісілер жастық, көрпе, тігіп, сатумен айналысады. Содан бір күні «неге осы шикізат мақтаны өзіміз шығармаймыз?» деген ой келді. Интернетті ақтарып жатып, «синтепон мақта» деген жарнамаға көзім түсті. Байқасам, еліміз бойынша 3-4 жерде ғана ондай цех бар екен. Ал Ресей мемлекетінде көп. Содан көршілес мемлекеттегі кәсіпорынға байланысқа шығып, синтепон мақта шығаруға деген ниетімді білдірдім. Бір қуанғаным, ондағылар білгенімен бөлісті. Қандай құрылғыны қаншаға сатып алуға болатынын және бағасы төмен сауда орындарына жөн сілтеді. Мақта өндіру технологиясымен де бөлісіп, әріптестік байланыс орнады. Ресейліктердің айтуы бойынша, Шымкент қаласынан ашылған цехқа барып жұмысын көзбен көрдім. Ондағылар да ресейлік мамандардан кеңес алған екен. Содан бір жарым жыл бойы ойымда пісірген бизнес идеямды «Бизнестің Жол картасы–2025» бағдарламасына ұсынып, 4,5 миллион теңгелік грантты жеңіп алдым. Былтыр жобаны қорғап шыққанымен, биыл сәуір айынан кәсібімді бастап отырмын, – дейді жас кәсіпкер.
– Негізі, синтепон мақтаны шығару оңай емес. Ол үшін ең бірінші сапалы шикізат керек. Бастапқыда ауылдағы босаған пластик құтыларды кәдеге жаратып көріп едік, онымыздан түк шықпады. Содан Төле би ауданында пластик құты кесіп беретін цехтың барын естідік. Солармен келісімшартқа отырып, олар пластик құтының ең жұмсақ жерінен шикізат дайындап беріп отыр. Құтының қақпағы немесе қатты тұсынан синтепон шықпайтындықтан цех жұмысшылары әр құтыны мұқият жуып, химиялық қоспамен залалсыздандырып береді. Бұл адамдар пластикалық құтыдан жасалған синтепон мақтадан аллергия алмас үшін қажет. Сондай-ақ ешқандай иіс шықпауы да мұқият қадағаланады. Шикізат келгеннен кейін оны біз қондырғыға салып, 290-300 градуста ерітеміз. Еріген материал екінші жағынан сұйықтық болып шыққанда оны екінші құрылғымен үрлейміз, сонда ол жұмсақ тәтті мақта сияқты ұшады. Сол материал суып қатқанда синтепон мақтасына айналады. 10 келі шикізаттан 8 келі мақта шығаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, қалдықсыз технология, – дейді Абзалхан.«Абдик-Моторс» жеке кәсіпкерлігі қазір тәулігіне 30 келі мақта өндіреді. Болашақта кәсіпорын күн сайын 100 келі өнім шығаруды мақсат етеді. Ал синтепон мақталарына бүгіннен сұраныс жоғары. Мақтаның 1 келісі 1 500 теңге тұрады.
– Синтепон мақта жеңіл әрі үлпілдек болғандықтан, барлық саудагер осы өнімді алуға тырысады. Синтепоннан бөлек қазір біз «холлофайбер» атты мақта да шығарамыз. Ол мақта дөңгелек әрі иректі болып келеді, сол себепті оған да қызығушылар көп. Бұйыртса, «Бизнестің Жол картасы–2025» бағдарламасымен алған грантымды бір игеріп алсам, келешекте цехты үлкен кәсіпорынға айналдыруды ойлап отырмын. Сол кезде өнімімізбен Жамбыл облысын ғана емес, өзге өңірлерді де қамтамасыз ете аламыз, – дейді кәсіпкер.Иә, Абзалханның талпысы мен тәуекелі қандай мақтауға да лайық. Небәрі 23 жасында осындай тың кәсіп түрін ашып, өзгелерді жұмыспен қамтуы – екінің-бірінің қолынан келмейтін шаруа. Сондықтан жас кәсіпкердің бастаған ісі баянды болып, кәсіпорнының көкжиегі кеңейе берсін деп тілейміз. Әрі бұл өзге азаматтарға да өз кәсібін ашуға түрткі болғай.
Жамбыл облысы