Мемлекет басшысының 8 маусымдағы Жарлығынан соң Алматы облысы ресми түрде екіге бөлінді. 1997 жылы Алматы және Талдықорған облыстарының шекарасымен қайтадан қақ жарылған облыстардың болашағын болжап, сарапшылық пікір айтушылар көп. Тұрғындар да әрі-сәрі күй кешіп жүр. Осыған дейін тұтас бір өңір ретінде дамудың даңғылына түскен қос облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін бағамдап көрген едік.
Негізінен, 1997 жылы облыс орталығы мәртебесімен қоштасқан Талдықорғанның өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында қандай жағдайда болғанын көргендер сүйікті қаласының жағдайына алаңдайды. Обалы не керек, 21 жыл бойы екі аймақтың өндірісі өркендеп, қайта өңдеу саласы қарқын алған. Бұл салаларға миллиардтаған инвестиция тартылғаны рас. Алайда соның басым бөлігі Алматы аймағына тиесілі. Бұл тұрғыдан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың «Алматы облысы болашақта донорға айналуы мүмкін» деген болжамымен келісуге болатындай. Жаңадан құрылған Жетісу облысының да даму мүмкіндігі жоғары екенін жоққа шығара алмаймыз.
Алматының аграрлық мүмкіндігі мол
Алматы облысында экономиканың барлық саласы кең қанат жайып, өркендеп келеді. Ауыл шаруашылығының барлық бағыты мен бірге қайта өңдеу саласы қарқын алды. Балқаш көлі, Қапшағай су қоймасы мен басқа да ірілі-ұсақты көлдер мен өзендер арқылы балық шаруашылығының бабын келтіруге болады.
Төрт түлік демекші, Райымбек пен Кеген бір аудан болып тұрған жылдары аймақ төрт түліктің саны бойынша республикада көш бастаған. Қазір де аймақ тұрғындары мал шаруашылығымен күнелтеді. Соған сай соңғы уақытта жайылым тапшылығы, шабындықтың жетіспейтіні туралы әңгіме жиі қозғала бастады. Түрлі компания мен жекелеген алпауыттардың қарамағына өтіп кеткен жайылым мен шабындық жерлер халыққа қайтарылса, қыр төсіндегі малдың саны еселене түспек,
Кейінгі жылдары бұл аймақта картоп өндірісіне үлкен мән беріліп, Кеген мен Нарынқолдың даңқы қайта шыға бастады. Жергілікті картопты қайта өңдеуден өткізіп, дайын өнім күйінде тұтынушыға жеткізетін жоба қолға алынған. Пайдалы қазбаларды игеруге қатысты жобаларға да қозғау салынған. Егер солар жүзеге асса, таулы өңірде тұратындары картоп сатып-ақ пайдаға кенелер еді. Тау қойнауындағы бағалы металл мен көмір кеніштерін игеру, тау туризмін дамыту да қазынаны еселері анық. Еліміздегі ірі су электр стансаларының бірі «Мойнақ» та осы аймақта орналасқан.
Ұйғыр ауданында соңғы жылдары жылыжай шаруашылығы дамып, бау-бақ өсіру қанатын кеңге жайды. Елден ерек, жеміс-жидегі мен көкөнісі басқа аймақтан бұрын пісетін ауданның мал шаруашылығын өркендетуге де қолайлы. Қытаймен екі арада 1998 жылы ашылған, автокөлікпен жүк тасымалдау өткелі бар «Қалжат» кеден бекеті де облыс бюджетінің бір бүйірін толтыруға әсер етері сөзсіз. Сонымен бірге Шонжыдан Қалжат ауылына апаратын күрежолды бойлай, ыстық су көздеріне орналасқан демалыс орындары да қазынаға қомақты үлес қосады. Қойнауы қазба байлықтарға толы Қарадала өңірінің игерілмей жатқан салалары баршылық.
Еңбекшіқазақ ауданында туризм, мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен тамақ өнеркәсібі саласындағы әлеуеті де көпке мәлім. Іледе көліктік-логистикалық хаб орналасқан, облыстағы кеден бекеттерінен тасымалданатын жүктің дені «Даму» логистикалық компаниясында кедендік рәсімдеуден өтеді. Темекі өндірісі мен бірге құс шаруашылығының бірнеше ірі кәсіпорны бар. Болашаққа бағытталған жобалары аса ауқымды әрі инвестициялық көлемі үлкен. Еліміздегі ең ірі түйе шаруашылығы да осында. «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ойсылқара түлігінің санын көбейтіп қана қоймай, сапасын да арттырып, еті мен сүтін, шудасына дейін кәдеге асырып отыр. Сонымен бірге осы шаруашылық төрт түліктің басқа түрлерін де өсіріп, дайын өнім түрлерін шығаруды жолға қойған.
Балқаш ауданында балық пен күріш өсіруге болады. Сонымен бірге Балқаш көліне құятын Іле өзенінің салалары бойындағы орман және аңшылық шаруашылығында тәртіп орнатылса, қазынаға қомақты қаржы түспек. Бұл ауданда мал шаруашылығын дамытудың мол мүмкіндігі бар. Қазір мұнда етті бағыттағы ірі қара тұқымдарын өсіруге қаржы салып, пайдасын көріп отырған шаруашылықтар жетерлік. Балқаштың ақмаржаны да үлкен сұранысқа ие. Бүгінде ауданда күрішті өңдеу жақсы жолға қойылған. Тек су тапшылығын реттесе, бұл саланың берері мол болмақ.
Жамбыл ауданында да агроөнеркәсіптік кешенге нақты көңіл бөлінсе, елдің әл-ауқаты артып қана қоймай, өңірдің өркендеуіне үлкен сеп болар еді. Аймақ мал өсіруге де, егін егіп, баптауға да қолайлы. Табиғаты әсем, жері құнарлы.
Облыстың екіге бөлінуін құптаймын. Қонаевтың тұрғыны ретінде сүйікті қаламның жаңа атауға, мәртебеге ие болғанына шын жүректен қуаныштымын, ертеңінің жарқын болатынына сенемін. Сонымен бірге соңғы жылдары мәселесі қордалана түскен Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер біраз ауыртпалықтан арылып, жеңілдеп қалады-ау деп ойлаймын. Екі облыстың да даму мүмкіндігі мол, оны тиімділікпен басқарып, барлық жұмысты жүйелі үйлестіре білу керек, – дейді Қонаев қаласының тұрғыны Зарыққан Есілбаев.
Көпсалалы өңірге айналмақ
Жаңадан құрылған Жетісу өңірінің басты байлығы ретінде тамаша табиғатын айтуға болады. Тамылжыған туризмді экономиканы дамытудың оңтайлы тетігі ретінде қарастыруға болады. Айдынды Алакөл мен байтақ жатқан Балқаш көлдерінің туристік әлеуеті аса зор. Дегенмен Алакөлде жаз айларында демалушылар саны жыл санап артып, қазынаға қомақты қаржы құйылып жатқанымен, Балқашта туристік маусымды тиімділікпен пайдалану әлі дұрыс жолға түспеді. Екі көлдің демалыс аймақтарындағы демалушыларға жасалған жағдайдың арасы жер мен көктей. Қазақстандағы басты су айдындарының қатарында аталатын осы екі көлдің бірі толығымен және екіншісінің басым бөлігі орналасқан облыста балық шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі аса үлкен.
[caption id="attachment_202505" align="alignright" width="1281"]
Болат АБАҒАН, Алматы облысы