Қоғамдық палата жаңа заманға сай саяси мәдениетті қалыптастыруы қажет – Саиров
Қоғамдық палата жаңа заманға сай саяси мәдениетті қалыптастыруы қажет – Саиров
Фото: liter.kz
368
оқылды
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елімізде түбегейлі саяси реформалар, қоғамдық процестерді жаңарту үрдісі жүріп жатқанын айтты. Конституциялық өзгерістер жақын арада еліміздің барлық аумағына қоғамдық диалог пен саяси плюрализмге негізделген жаңа саяси ландшафт қалыптастыратыны сөзсіз. Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгермек. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады», – деп атап өтті. Осы тұрғыда Парламент – билік тармақтарындағы халық өкілдігінің басты институты. Мәжіліс төңірегінде біздің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық процестер үрдісіне байланысты Парламент, Үкіметпен азаматтық қоғам арасындағы терең, жан-жақты диалог алаңын жасау – заман талабы. Мәжілісте қазірдің өзінде заң шығару шеңберінде азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығымен оңтайлы  қарым-қатынас жүйесі қалыптасқан. Заң шығару процесінде  сарапшылар қауымдастығы өкілдері нәтижелі еңбек етуде. Құрылғалы отырған Қоғамдық палата Ұлттық құрылтай форматын творчестволық тұрғыда дамыта отырып, Мәжіліс пен азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды жүйелі түрде нығайтуға серпін береді. Әлемде көптеген Парламент жанында қоғам мен өкілетті органдардың қарым-қатынасын жүйелендіріп, демократияның индикаторы рөлін атқаратын Қоғамдық палаталар институты жан-жақты дамыған. Бізге саяси мәдениеттің салиқалы, салмақты ренессансы қажет! Палатаның негізгі міндеті – қоғамдық сараптама және қоғамдық тыңдау. Сонымен бірге палата еліміздің барлық аймақтарынан, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, мемлекет пен қоғам, рухани толысу мен даму, экономикалық тыныс-тіршілік тәрізді терең, жаһандық проблемалармен өзінің ойларын ыждағатты түрде білдіретін алаңға айналады. Ғибратты ой, салмақты, салиқалы іс-қимыл, береке-бірлік қасиеттері әрқашан өте маңызды. Бұқар жырау: – Сірә, бір кеңес құрыңыз, Бірауызды болыңыз! – деп айтқан. Сондықтан Қоғамдық палата жаңа заманға сай саяси мәдениетті қалыптастыра отырып, қоғамдық-саяси ағартудың да мектебі болуы қажет. Палата ротация принципі бойынша жұмыс атқарады, яғни мүшелері жүйелі түрде өзгеріп тұратын, белсенді, өзінің айтары бар азаматтарға қоғамдық потенциалын ұштауға жүйелі мүмкіндік болады. Яғни,  палата мүшелігіне парламенттік және парламенттік емес партия мүшелері, еліміздегі парламентаризм мәселесімен терең айналысып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері, әртүрлі саладағы сарапшылар, саясаттанушылар мүше бола алады. Палатаның құрылуы еліміздегі парламентаризм институтын дамыта отырып, заң шығару процесінде қоғам, жұртшылықтың рөлін арттыратын, плюрализм деңгейін дамытуға бағытталған нақты тетік.