СҚО-да бір үйдің екі баласы өрттен көз жұмды
СҚО-да бір үйдің екі баласы өрттен көз жұмды
© adyrna.kz
1,505
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында бір үйдің 10 жасар ұлы мен 8 жастағы қызы өрттен көз жұмды, – деп хабарлайды Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі. Ведомствоның мәліметінше, Ақжар ауданы Талшық ауылының Луговая көшесіндегі тұрғын үйдің шөп қорасында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен мамандар қора-қопсының шатыры және қысқа дайындалған шөптің жанып жатқанын көрген. Бірден іске кіріскен өрт сөндірушілер жалынды тек 1,5 сағаттан кейін ғана ауыздықтады. Мамандар оқиға орнынан үй иесінің 10 жасар ұлы мен 8 жасар қызының денесін тапты. Куәгерлердің айтуынша, олар өрт шықпас бұрын қораның төбесінде балалардың ойнап жүргенін көрген. Алайда әзірге шөп қорасының неден өртенгені анықталған жоқ. Мамандар ересектерге балалармен сөйлесіп, өрт кезінде өзін қалай ұстауы керектігін түсіндіруге кеңес береді. Өйткені көп жағдайда балалар өртеніп жатқан баспанадан қашып шығудың орнына шкафтың ішіне, кереуеттің астына немесе басқа да жерге тығылуға тырысады екен.
«Өртті өздігінен сөндіруге болмайды, өмірді қатерге тігіп, дүние-мүлікті сақтап қалуға тырыспау қажет. Есік-терезені ашуға болмайды, сондай-ақ су тартатын құбырмен, жіппен төмен түсу қауіпті. Өрт шыққанда лифті қолдануға болмайды. Сондай-ақ әр ата-ана баласына арнайы қызметтердің нөмірін жаттатуға міндетті. Өрт шыққан кезде бірден мамандарға хабар берген жөн», – дейді департаменттің баспасөз қызметі.