Тоқаев отандық кәсіпкерлер полицейлерге көп шағымданатынын айтты
Тоқаев отандық кәсіпкерлер полицейлерге көп шағымданатынын айтты
Фото: yandex.kz
Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделінің сапасы туралы мәселені көтерді, – деп хабарлайды Ақорда. 
Мемлекет басшысы соңғы кездері құқық қорғау органдарының қызмет бабын асыра пайдалануына қатысты шағымдардың жиілеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ мамыр айында отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде кәсіпкерлердің көпшілігі тікелей қысым көріп жатқаны туралы шағымданғанын айтты. Президент Экономикалық тергеу қызметінің өңірлердегі жұмысына жағымсыз пікірлер көптеп түсіп жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшының айтуынша, заңсыз әрекеттерден Ішкі істер министрлігі қызметкерлері де тысқары емес. Кейбірі жемқорлыққа қатысты айтылып отыр.
– Бұл бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Қаржы мониторингі агенттігінің күшін алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне бағыттау керек. Агенттік көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Біз қоғамда жоғары құқықтық мәдениет және сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың кез келген көріністеріне берік иммунитет қалыптастыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.