Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын қарады. Отырыс барысында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынды. Аталған құжат стрестік активтер нарығында қолданылатын нормативтік-құқықтық базаны жетілдiруге бағытталған. «Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Жаңа нормалар стрестік активтер нарығында қолданылатын құқықтық тетіктерді жетілдiруге және осы саланың өсуіне жағдай жасауға арналған. Сондай-ақ заң инвесторлардың стрестік активтер нарығына қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы осы бағытты одан әрі дамытуды көздейді. Жаңа талаптар бұл саладағы рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын да қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта заң проблемалық активтерді экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік бере отырып, бизнес ортаны жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенаторлар отырыс кезінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, қабылдады. Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да екі оқылымда қабылдады. Құжат кадрлық қамтамасыз ету, әскери қызметті өткеру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларын жетілдіруді көздейді. Сондай-ақ жаңа нормалар полицейлердің құқықтық мәртебесі мен қорғалуын арттыруға бағытталып отыр. Сонымен қатар Палата отырысында депутаттар волонтерлік қызметті одан әрі дамытуға арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар, дәрілік қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев заң бірқатар қоғамдық қатынасты реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіретінін айтты. Палата отырысында депутат Нариман Төреғалиев Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысының әкімі болып тағайындалғаны белгілі. Соған байланысты Орталық сайлау комиссиясының Қаулысына сәйкес оның депутаттық өкілеттігі тоқтатылды. Одан бөлек, отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Асқар Шәкіров бастаған бір топ депутат Арал өңіріндегі экологиялық проблемаларды шешуге қатысты Үкіметтің жұмысын жандандыру маңызды екеніне назар аударды. Жанболат Жөргенбаев жайылым жерлердің тапшылығына қатысты мәселені шешу шараларын ұсынды.