Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған Ресей азаматы 12 жылға сотталды

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған Ресей азаматы 12 жылға сотталды
Фото: КТК арнасының сюжетінен скриншот

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрған біп топ адамға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Халық арасында «Голд»  деп аталып кеткен ұйымға жетекшілік еткен Ресей азаматы Павел Литвиненко енді 12 жыл түрмеде жазасын өтейді.

Оның екі сыбайласы 9 бен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қаржылық ұйымға қатысты тергеу екі жыл бұрын басталған. «Голд» қаржы пирамидасына 10 мыңнан астам адам ақша салған. Әсіресе, Ақтөбе, Шымкент, Атырау мен Жаңаөзен қалаларының тұрғындары көптеп тартылған. Айналдырған екі айдың ішінде жұрттың 10 миллиард теңгесін жинап алған. Басында «Канадалық компанияға инвестиция саласыздар» деп алдап, кейін бар ақшаны қалтаға басқан. Қаржы пирамидасын құрған Ресей азаматтары Павел Литвиненко мен Юрий Москвин қылмыс әшкере болғанда қашып, кейін ұсталды.

Біреуі 12 жыл, екіншісі кәмелетке толмаған баласы бары ескеріліп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал осы топтың үшінші белсенді мүшесі Равиль Қазыбаев салымшылар шу шығарғанда Жаңаөзендегі кеңседен кетпей, біраз адамның ақшасын қайтарып бергені үшін жазасы жеңілдетілген. Ол алты жыл арқалап отыр. Үшеуі «Голдқа» ақша салған жәбірленушілерге әлі 2 жарым миллиард теңге қайтарып берулері керек.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева: «Сот үкімімен сотталушылар қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, Литвиненко – 12 жыл, Москвин – 9 жыл, Қазыбаевқа 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар барлық сотталушылар 7 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», – деді.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.