Шабыт сыйлаған симпозиум

Шабыт сыйлаған симпозиум

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Сұлулық әлемді құтқарады» атауымен халықаралық симпозиум өтті. Халықаралық дәрежедегі суретшілермен тығыз байланыс орнатып, еліміздің мәдени кеңістігін кеңейтуді мақсат еткен шараны Қазақстан мен Ресейдегі Суретшілер одағының мүшесі, батик өнерін насихаттаушы Камила Жапалова ұйымдастырған. Симпозиумға Әзербайжан, Өз­бек­стан, Түркия, Түрікменстан, Қыр­ғыз Республикасы, Тәжікстан жә­не қазақстандық қылқалам ше­бер­лері Жайықтың жағасында бас қо­сып, шеберлік сағатын өткізді. Отан­дық және шетелдік суретшілер өзара тәжірибе алмасып, мәдени са­ладағы білігімен бөлісті.

– Суретшілер, шығармашылық ие­леріне өздерінің қарым-қабі­лет­терін көрсету үшін көп жағдайда еркін­дік керек. Белгіленген тақырып бойын­ша этюд жазу оның талантына тұсау болады. Көрмені ұйымдастыру­дағы басты мақсатымыз шығарма­шы­лық иелеріне еркіндік сыйлау бол­ды. Симпозиумның ұйымдас­ты­рылуы барысында бізге қол ұшын соз­ған жандарға алғысымыз шексіз. Орал­дай әдемі қаладағы симпозиум­нан суретшілер шабыттанып қайтты деген ойдамын, – деді жоба авторы К.Жапалова.
Симпозиумды ұйымдастыруға мұрын­дық болған Batik kami мәдени қоры 2016 жылдан бері белсенді түр­де жұмыс істеп келеді. Мәдени қор шет елдерге ою-өрнегіміз бен ұлттық киім­дерімізді де таныстырып жүр. Қор жетекшісі Камила Жапалова 2019 жылы АҚШ-та суретшілердің өнерін әлемге таныту мақсатында ұйымдастырылатын ART-Expo-New York халықаралық галереясында үздік­тер қатарынан көрініп, Швеция елшілігінің шақыртуымен Стокго­льм қаласында жеке көрмесін өткіз­ген.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ