Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылысқа қатысты жаңа деректер мәлім болып жатыр. Бұған дейін тергеу орындары қоймадан соңғы шыққан төрт сарбазды қамауға алса, енді күні кеше апат орнына алғашқылардың бірі болып жеткен екі өрт сөндірушінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтыла бастады. Негізінен, жарылысқа себепкер ретінде Құлан ауылындағы №42062 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың күдікті деп танылып, қамауға алынғаны көптің түсінбеушілігін туғызған. Шымкенттік Әсет Әшірбайдың анасы Алмагүл Асанова «лауазымды әскерилер өздерін ақтап алу үшін бар кінәні жауынгерлерге артып жатыр» деп жанайқайын білдірген еді. Баласын қызғыштай қорғап шырыл қаққан ана тіпті әскери шенділер тарапынан «балаңызды көндіріңіз, кейін ақтап аламыз» деген ұсыныс та айтылғанын жеткізген. Әзірге Әскери тергеу басқармасы сарбаздардың тағдырына қатысты ештеңе айтпай отыр. Алайда оның орнына тағы екі өрт сөндірушінің тергеле бастағаны отқа май құя бастады. «Қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылған Байзақ ауданы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Асыл Мұхаметжанов видеоүндеу арқылы Мемлекет басшысынан араша сұрады. Ол әскери прокуратура тарапынан көрсетілген қысымға шыдай алмаған. Оның сөзіне сүйенсек, өрт сөндірушілердің іс-әрекетінде ешқандай салғырттық болмағанын куәгерлер дәлелдеп беріпті. Алайда соған қарамастан Әскери тергеу басқармасы қудалауды тоқтатпаған. Өрт сөндіруші қазір апат кезінде алған жарақатынан емделіп жатыр. Дәрігерлер оның денсаулығын жұмысқа жарамсыз деп таныған. Қызығы, алғашқылардың бірі болып тілсіз жауды ауыздықтауға аттанған Асылдың батылдығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалі табысталған. Бірақ соған қарамастан ол істі болған. Батыр ұлдың әкесі Жомарт Мұхаметжанов баласының тірі қалғаны үшін кінәлілердің қатарына қосылғанына аң-таң.
– Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілерге төрт адам басшылық жасаған. Соның екеуі қайтыс болып, екеуі тірі қалды. Енді тірі қалған екеуін неге тергеп жатыр? Сонда балам тірі қалғаны үшін кінәлі ме? – дейді әке.Күдікке ілінгендердің бірі ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы – Мансұр Шайкрамов. Екі азаматқа қатысты да облыстық прокуратура нақты ақпарат бермей отыр. Тек тергеу амалдары жүріп жатқанын айтады.
– ҚР ҚК 371-бабының екінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір тергеуді Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу басқармасы жүргізіп жатыр, – дейді облыстық прокуратураның бірінші басқармасының аға прокуроры Дархан Сатыбалдиев.Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы қызметкерлерінің құқығын қорғау үшін бар мүмкіндікті қарастыруға дайын.
– Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, оның жай-жапсарын ешкім айтпай отыр. Алайда біз қол қусырып қарап отырмаймыз. Қызметкерлерімізді қорғауға бар күшімізді саламыз, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков.Негізі, құзырлы органдар мұндай жағдайда барлығын құпия ұстайтыны белгілі. Сол себепті тергеу амалдарына қатысты бірде-бір мекеме ресми ақпарат бермей отыр. Алайда «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылған азаматтардың екеуі де өртке қарсы күрес қызметіне барын берген қарапайым құтқарушылардың қатарында. Мәселен, Мансұр Шайкрамов «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін», «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін», «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдарымен наградталған. Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде төтенше жағдайдың салдарын жоюға белсене қатысқаны үшін ІІ дәрежелі «Айбын» ордені мен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медаліне ие болған. Асыл Жомартұлы да азаматтық қорғау саласында 13 жыл қызмет етіп, 40-қа жуық марапатқа ие болған. Оның соңғысы – Президенттің Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалі. Алайда өзгелердің өмірі үшін басын қатерге тіккен азаматтардың жанкештілігіне құрмет көрсетіп, өздерін істі ету кімге керек болғаны белгісіз. Бұл жағдайда мәселенің мән-жайын анықтап, әділдіктің салтанат құруы тергеу органдарының кәсібилігіне байланысты болмақ.
Жамбыл облысы