Ғылым мен өндіріс қайтсе «достасады»?
Ғылым мен өндіріс қайтсе «достасады»?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
532
оқылды
2015 жылы елімізде «Ғылыми және ғылыми-тех­никалық қызмет нәтижелерін коммерциялан­дыру туралы» заң қабылданған болатын. Бұл ғылым мен бизнес өкілдері үшін жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беруге бағытталған қадам еді. Алайда отандық ғылымның жаңалығын өндірісте пайдаланып жүрміз деп бөркімізді аспанға атуға әлі де ертелеу секілді. Зауыттардың үнсіздігі үмітті өшіреді Жас ғалым Нұржан Шаншабаев – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің докторанты. Нұржан мен оның әріптестері құрылыстағы қадалы іргетастың тиімді формасын ойлап тауып, үш жыл бойы осы жобаны егжей-тегжейлі зерттеген.
– Қадалы іргетас XVIII ғасырдан бе­рі қолданыста кеңінен тарала бас­таған. Оны І Петр Нидерландқа сапа­рында көріп келіп, кейін Санкт-Пе­тербордағы ғимараттарды сол әдіспен салуды тапсырған. Сол ғимараттардың 80 пайызы әлі күнге дейін міз бақпай тұр. Бүгінде еліміздегі ғимараттарды салуда қадалы іргетастың дәстүрлі фор­масы пайдаланылады, – дейді ол.
Инженер-ғалымдар соның орнына пирамида үлгісінде кеңейтілген фор­ма­ны ұсынған. Оның тәжірибедегі тиім­ділігін зертханада жан-жақты тексеріп, патент те алған. Алайда бұл жобаны Қарағандыдағы темірбетон бұйымдар мен конструкциялар зауыты, Алматы көпір конструкциялары зауыты, «Ба­зис» жобалық институты сияқты бір­қатар өндіріс орнына жібергенімен, олардан жауап болмаған.
– Жылдап жүріп зерттеу жасайсың. Бұл жобаны докторантура бағдарламасы аясында жасағанымыз себепті бізде ай сайынғы стипендиядан басқа табыс та болмады. Әйтеуір, ең соңында көпші­лік­тің кәдесіне асса, сол еңбегіміздің ақталғаны болар еді. Тіпті, зауыттарға осы технологияны ақысыз да беруге келісеміз, бірақ ешқайсысынан кері байланыс жоқ, – деп қынжылады Нұр­жан Шаншабаев.
Кәсіпорындар кеңестік әдеттен аса алмайды Қазір қазақстандық ЖОО-лардың әрбірінде ғылыми жобаларды коммер­цияландырумен айналысатын департа­мент немесе орталықтар бар. Олар сол университет ғалымдарының коммер­циялық әлеуеті бар жобаларын на­рыққа шығару үшін қаржылық және әкімшілік қолдау көрсетеді. Назарбаев универси­тетіндегі Коммерцияландыру кеңсе­сінің басшысы Данияр Жұма­ғұловтың айтуынша, отандық ком­паниялардың жаңа технологияларға қызығушылық танытпауы – жиі кез­десетін құбылыс.
– Кеңестік жүйе және жоспарлы экономика кезінде барлық кәсіпорын өздерінің өндірістік процестері бо­йын­ша бір-бірімен байланыста болатын және сол кәсіпорындардың басшылығы бір кездері қалыпқа түскен өндіріс ме­ханизміне өзгеріс енгізуге мүдделі бол­мады. Әлі күнге дейін көп компания ғы­лыми жетістіктерден оң нәтиже күт­кен­нен гөрі олардан келер қатерді ой­лайды. Осылайша, олар үшін эконо­микалық тиімділік екінші орынға ығы­сып қалады, – дейді ол.
Коммерцияландыру кеңсесінің бас­шысы өндірістік сектордағы мұндай қате түсінікті түзеу үшін ЖОО-ларға ком­паниялармен жұмысты келісім­шарт­тық зерттеулер жүргізу форма­ты­нан бастау керек деп ойлайды. Яғни, зауыт-кәсіпорындар өздеріндегі ең күрделі деген технологиялық мәселе­лерді ше­шуге оқу орындарының ғалым­дарына ақылы негізде тапсырыс беруі қажет.
– Мұндай серіктестік сәтті жүзеге асқан жағдайда, бір жағынан, ғалымдар да кәсіпорындардағы заманауи тех­нологиялық процестер туралы прак­тикалық тәжірибе мен білім алады, екінші жағынан, кәсіпорындардың да ЖОО-лар мен онда жасап шығарылатын технологияларға деген сенімі күшейеді, – дейді Данияр Жұмағұлов.
Тапсырыс болса, табыстылық артады Осыған ұқсас пікірді Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының ака­демигі, профессор Исабай Бекбасаров та айтты. Бірақ ол мұндай серіктестікті университет жанындағы коммерция­ландыру кеңселері арқылы емес, кері­сінше, кәсіпорын жанындағы ғылыми сүйемелдеу бөлімдері арқылы құруды ұсынды.
– Бүгінгі қалыптасқан жүйеде оқу орындарының өндіріске ұсынған ғы­лыми өнімі жаңа болғанымен, техни­калық тұрғыда іске асыруға жарамсыз немесе экономикалық жағынан тиімсіз немесе жай ғана елімізде сұранысқа ие болмауы мүмкін. Сондықтан универ­си­теттер жанындағы коммерцияландыру кеңселерінің орнына ірі отандық ком­паниялардың құрылымынан өндірісті ғылыми сүйемелдеу кеңселерін ашу дұрыс болар еді, – дейді профессор.
Оның айтуынша, компания жа­нын­дағы өндірісті ғылыми сүйемелдеу кеңселері нақ сол кәсіпорынның жұ­мысын не­гізге ала отырып, өндірісті жақсарту мен жаңғырту, өнім сапасын арттыру бойынша нақты ғылыми міндеттерді анықтайды. Сол тапсыр­маларға келі­сім­шарттық және конкурс­тық негізде ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу инсти­туттары тартылуға тиіс. Осылайша, «ғылым өндіріске ұсынады» деген прин­циптен біз «өндіріс ғылым­нан та­лап етеді» деген принципке көше ала­мыз. Соның арқасында ғалымдар­дың ғылыми жетістіктері нақты бір өндіріске еніп, оның тиімділігін сон­дағы маман­дар бірден бағалай алар еді. Сонымен қатар Исабай Бекбаса­ров ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық және бағдарламалық-ны­саналы қаржы­ландыру барысында қазіргідей ҒЗЖ жобаларының кон­курсын емес, нақты бір кәсіпорын­дар­дың ғылыми тапсы­рыстарын қана­ғат­тандыратын нәти­желер көрсете алатын орындаушылар конкурсын ұйым­дас­тыру қажеттігін жеткізді.
– Бұл арқылы өндірістік пробле­маларды шешуге еліміздегі ең «ақылды» адамдарды жұмылдыру, ғылыми-зерт­теу жұмыстарының нәтижелерін өн­діріске бұлдыр-сылдырсыз енгізу, сондай-ақ ғылымның әрдайым сұра­ныста болуын қамтамасыз етіп, ғы­лыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражаттың өтелімділігін тездету деген мақсаттарға жете аламыз, – дейді ол.
Ғылыми жетістіктердің өндірісте қолданылуына жол ашатын тағы бір амал ретінде академик кәсіпорындар мен ұйымдарға ҒЗЖ нәтижелерін өндіріске енгізу кезеңінде мемлекет та­рапынан белгілі бір салықтық же­ңілдіктер немесе экономикалық артық­шылықтар ұсыну сияқты шараларды қарастырады. «Бағы жанған» жобаларымыз қанша? Десек те, бүгінде өндірісте өзінің тиімділігін дәлелдеп жатқан отандық ғылыми жұмыстар да жоқ емес. Олар­дың көбі – «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы ұйымдастыратын коммер­ция­ландырылатын ғылыми жаңалықтарға арналған гранттар байқауында «бағы жанып, бақытын тапқан» жобалар. 2016-2021 жылдар аралығында атал­мыш қор 3 байқау өткізіп, келіп түс­кен 1270 өтініштің арасынан 151 жо­ба­ның жүзеге асырылуына мұрын­дық болған. Оның 47-сі – агроэнеркәсіп, 20-сы – ақ­параттық-ағартушылық қызмет көрсету, 40-ы – денсаулық сақ­тау, 44-і өнеркәсіп саласында кәдеге жараған. Мәселен, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротех­ни­калық универ­ситеті ұсынған қопсыт­қыш-тыңайтқыш қолданысы тыңайт­қыштар шығынын 30-50 пайызға тө­мендетуге, қоршаған ортаның ластануын азайтуға, өнімділік деңгейін 35-40 па­йызға арттыруға, сон­дай-ақ ауылшаруа­шы­лық өнімдерінің сапасын жоғарыла­туға мүмкіндік бе­реді. Сатылымнан 43,5 миллион теңге табыс түскен. Тағы бір жоба – Назарбаев университеті ұсынған «Нәр» синбиотигі ағзаға тез сіңетін микроэлементтер мен дәрумендерге бай, ұзақ аурудан кейін ағзаны тезірек қалыпқа келтіруге кө­мектеседі, холес­терин деңгейін тө­мен­детеді, ішек функ­цияларын жақсар­та­ды. Оның сатылымы 134 миллион теңге табыс әкелген. Жуырда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов отандық ғылыми жо­баларды коммерцияландыру нәтиже­сінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен жалпы табыс 16,3 миллиард теңгені құрағанын, 1400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылғанын, ғалымдар 338 миллион теңге табыс тапқанын, жоба­лардың экспорт көлемі 346,7 миллион теңге болғанын айтып еді. Егер елімізде ғылыми жобаларды коммерцияландыру жұмысында әлі де шикі тұстарды пісі­ріп, тиімді өзгерістер енгізілсе, біздің ғалымдарда бұл көрсеткіштерді он орап әкететіндей әлеуеті бар.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ