Ғаламдық бәсекелестіктің кілті – цифрландыру
Ғаламдық бәсекелестіктің кілті – цифрландыру
Алматыда Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Молдова пре­мьер-министрлерінің қатысуымен «Жаһандық экономиканың цифрлы болашағы» атты форум өтті. Дәстүрге айналған шарада сарап­шы­лар коалиция құру жолдары мен жасанды интеллект және үлкен мә­­ліметтер саласында өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ин­ф­рақұрылым құру, технологияны ілгерілету, цифрлы теңсіздікті жою мә­селелері де осы күні кеңінен сөз болды. Қазақстан Үкімет басшысы Асқар Мамин цифрлы техноло­гиялардың қарыштап дамуы әлем­­дік экономикаға едәуір ық­пал етіп жатқанына, оның ішінде болашақта шешуші рөл атқара­тын жасанды интеллектіні да­мытуға баса мән берілгеніне тоқ­талды. «Жасанды интеллектіні қолда­нудан экономиканың әр сала­сы­на түсетін қосымша құн 2030 жыл­ға таман 5 триллион АҚШ дол­ла­рына жетуі мүмкін. Ұзақ­мерзімді мақ­сатымызды орындау жолында 2050 жылға таман әлем­нің да­мыған 30 елінің қа­тарына ену үшін жыл сайын эконо­ми­каның өсімін 5-6 пайыз­ға көте­руді көздеп отырмыз. Бұл көр­сет­кішке еңбек өнімділігін арттыру көп ықпал етуі тиіс. Осы жерде жасанды интел­лектінің әлеуеті зор. Қазақстанда жасанды ин­тел­лектіні дамытудан эконо­мика са­ласындағы эко­но­ми­калық тиім­ділік жылына 25 мил­лиард дол­ларға жетуі тиіс. Ең жақсы өсім көрсеткіштері қыз­мет көр­сету са­ласында – 15 миллиард дол­­лар­ға, тау-кен өндірісінде 9 мил­лиард долларға жетуі тиіс», – деді Асқар Ма­мин. Сондай-ақ ол жасанды интеллект әлеуетін ба­рынша да­мыту ЕАЭО ел­дері­нің жаһандық бәсекелес­тігін артты­рудың ше­шуші фак­торы бола­ты­нына да тоқ­талды. Үкімет басшы­сы жа­санды интел­лек­тті пайда­лану экономикамыз­дың көптеген қыз­мет саласын оң­тай­ландыруға ықпал ететінін айта келе, «Бү­гінгі таңда жаһан­дық бәсекеге адами ка­питалдың деңгейі, елдегі тех­но­логиялық дайындық пен цифр­ландыру фак­торлары шық­ты. Қазір әлем­дік экономиканы дамыту үшін заманауи тех­но­ло­гия­ларды жедел қамтамасыз ету қолға алынды. Болашақта жаңа тех­нологиялық өндірістер құру қажеттігі кү­шейе­тінін атап өткім келеді», – деді. Ретімен сөз алған қатысушы елдер пре­мьер-министрлері өз елдеріндегі осы саладағы қазіргі ахуалмен таныс­ты­рып, тәжіри­белерімен бөлісті. Сала­ны да­мыту үшін бірлесіп жұмыс істеу ке­регіне тоқталды. «Бізде осы салада ортақ күн тәртібі болуы керек. Өйткені цифрлы тех­но­логиялар ғаламдық бәсекенің маңызды элементіне айналды. Біз бұл бәсекеге төтеп беріп қана қоймай, жеңіп шы­ғуы­мыз керек», – деді Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Ми­шустин. Сондай-ақ ол цифр­лан­дыру ғаламдық бәсе­ке­лес­тік­тің негізгі кілтіне айналғанын, бұл біздің елдеріміздің алдында адам өмірі мен бизнес жүргізуді же­ңілдетуге амби­циоз­ды тап­сыр­­ма­ларды қоюды міндет­тей­­тінін айтты. «Біріншіден, біздің одақ­та цифрлы біріз­дендіру жүйесін қа­лыптастыру керек. Әрине, бұл орайда одақ шең­берінде элек­тронды цифрлы қол­таңба енгізу мәселесі де күн­тәртібіне шы­ғады. Екіншіден, кез келген ақ­па­раттық жүйенің басты элементі – мәлі­мет­тердің қорғанысы. Барлық элек­т­рон­­ды құжат айналымы сенімді әм­бе­бап мемлекетаралық ортада ай­налуы ке­рек. Әйтпесе, біз бір-бірімізді танудан қа­ламыз. Бұл дезинтеграция қаупін ту­ды­рады. Үшіншіден, тауарлар мен қыз­меттердің одақ шең­бе­рінде қозғалы-сын көру­ді цифр­ландыру керек», – деді ол.   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ