Алматыда Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Молдова премьер-министрлерінің қатысуымен «Жаһандық экономиканың цифрлы болашағы» атты форум өтті. Дәстүрге айналған шарада сарапшылар коалиция құру жолдары мен жасанды интеллект және үлкен мәліметтер саласында өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Инфрақұрылым құру, технологияны ілгерілету, цифрлы теңсіздікті жою мәселелері де осы күні кеңінен сөз болды. Қазақстан Үкімет басшысы Асқар Мамин цифрлы технологиялардың қарыштап дамуы әлемдік экономикаға едәуір ықпал етіп жатқанына, оның ішінде болашақта шешуші рөл атқаратын жасанды интеллектіні дамытуға баса мән берілгеніне тоқталды. «Жасанды интеллектіні қолданудан экономиканың әр саласына түсетін қосымша құн 2030 жылға таман 5 триллион АҚШ долларына жетуі мүмкін. Ұзақмерзімді мақсатымызды орындау жолында 2050 жылға таман әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін жыл сайын экономиканың өсімін 5-6 пайызға көтеруді көздеп отырмыз. Бұл көрсеткішке еңбек өнімділігін арттыру көп ықпал етуі тиіс. Осы жерде жасанды интеллектінің әлеуеті зор. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудан экономика саласындағы экономикалық тиімділік жылына 25 миллиард долларға жетуі тиіс. Ең жақсы өсім көрсеткіштері қызмет көрсету саласында – 15 миллиард долларға, тау-кен өндірісінде 9 миллиард долларға жетуі тиіс», – деді Асқар Мамин. Сондай-ақ ол жасанды интеллект әлеуетін барынша дамыту ЕАЭО елдерінің жаһандық бәсекелестігін арттырудың шешуші факторы болатынына да тоқталды. Үкімет басшысы жасанды интеллектті пайдалану экономикамыздың көптеген қызмет саласын оңтайландыруға ықпал ететінін айта келе, «Бүгінгі таңда жаһандық бәсекеге адами капиталдың деңгейі, елдегі технологиялық дайындық пен цифрландыру факторлары шықты. Қазір әлемдік экономиканы дамыту үшін заманауи технологияларды жедел қамтамасыз ету қолға алынды. Болашақта жаңа технологиялық өндірістер құру қажеттігі күшейетінін атап өткім келеді», – деді. Ретімен сөз алған қатысушы елдер премьер-министрлері өз елдеріндегі осы саладағы қазіргі ахуалмен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Саланы дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеу керегіне тоқталды. «Бізде осы салада ортақ күн тәртібі болуы керек. Өйткені цифрлы технологиялар ғаламдық бәсекенің маңызды элементіне айналды. Біз бұл бәсекеге төтеп беріп қана қоймай, жеңіп шығуымыз керек», – деді Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин. Сондай-ақ ол цифрландыру ғаламдық бәсекелестіктің негізгі кілтіне айналғанын, бұл біздің елдеріміздің алдында адам өмірі мен бизнес жүргізуді жеңілдетуге амбициозды тапсырмаларды қоюды міндеттейтінін айтты. «Біріншіден, біздің одақта цифрлы біріздендіру жүйесін қалыптастыру керек. Әрине, бұл орайда одақ шеңберінде электронды цифрлы қолтаңба енгізу мәселесі де күнтәртібіне шығады. Екіншіден, кез келген ақпараттық жүйенің басты элементі – мәліметтердің қорғанысы. Барлық электронды құжат айналымы сенімді әмбебап мемлекетаралық ортада айналуы керек. Әйтпесе, біз бір-бірімізді танудан қаламыз. Бұл дезинтеграция қаупін тудырады. Үшіншіден, тауарлар мен қызметтердің одақ шеңберінде қозғалы-сын көруді цифрландыру керек», – деді ол. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ