Ресейлік журналист Тигран Кеосаян Қазақстанда террористермен бірге бір тізімге енгізілді, – деп хабарлайды ҚазТаг.
«БАҚ беттерінде «ұнамсыздар» тізіміне енеді деген ақпарат тараған соң Кеосаян сол тізімге бірден ілікті. Оған шекарада «қызыл жалауша» қойылды. Бұл тізімде Кеосаяннан бөлек террористермен бірге Қазақстан үшін өзге ұнамсыз элементтер бар», – деп хабарлаған ҚазТаг-қа сенімді дереккөз.Кеосаян бұл тізімге енсе де, ол туралы тиісті ережелерге сай ресми түрде хабарланбаған.
«Шын мәнінде, бұл өте кең тізім, көбінесе мұндай тізімде террористер мен осы санаттағы өзге де адамдар бар. Енді Кеосаян сол тізімде. Оның осы тізімде екені ресми түрде айтылмайды, өйткені бұл нормаға жатпайды. Билік бұл тізімге енген әр террористі жеке-жеке айтпайды ғой», – дейді дереккөз.Айта кетейік, сәуірде Кеосаян YouTube арнасында видео жариялап, қазақстандықтар «Украинаға қарасын» деген мағынада мәлімдеме жасаған еді. Тигран Кеосаянның сөзінен кейін қазақстандықтар ресейлік телеарналарды өшіріп тастауды талап еткен болатын. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаянға жағымсыз тұлға мәртебесін беру мәселесімен айналысып жатқанын хабарлады.