Жамбыл облысында жаңа бастама ретінде жастарға жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы осы жылдың шілде айында іске қосылмақ. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау көрсету мақсатында әзірленген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев және «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарованың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды. Алғаш болып сөз алған Еркін Құлымбайұлы бағдарламаның шарттары мен талаптарына кеңінен тоқталды. – Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктері ескеріліп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының оң тәжірибесі негізге алынды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Қазір облыстың 35 жасқа дейінгі 7 140 тұрғыны баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналады. Тұрғын үй сатып алуға Отбасы банк 13 млн теңгеге дейін заем береді (егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады). Бастапқы жарна – 5%, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%), несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін. Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алу мүмкіндігін береді. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі үміткер бола алады, – дедйі Еркін Үйсімбаев. Гүлзат Мұратқалиқызының айтуынша, үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Бағдарламаға қатысушылардың Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ол 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (1 КМ – 37 389 теңге). Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында 20 шілде күні басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады.Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, Отбасы банкіне жіберіледі. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табады. Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан нысандардан сатып алуға болады, – деді Гүлзат Бекназарова. Осылайша, Жамбыл облысында жанданған жаңа жоба жастардың баспаналы болуына үлкен жол ашпақ. Бұл, әрине қос қолдап қолдайтын дүние.