Бір ит келіп тұр
Бір ит келіп тұр
330
оқылды
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов кабинетінде кофе ішіп отырған. Хатшы қыз есіктен басын қылтитты: – Ағай, бір ит келіп тұр. – Күте тұрсын. – Күткісі келмейді–ау, түсі суық. – Аяз болса да, күтсін. Кофе ішіп алайын. – Ырылдайды. – Ол қандай адам өзі? – Адам емес. – Қай бір оңған адам келуші еді. – Тісін ақситты. – Ит екен де! – Ағай, ит келіп тұр. – Шошқа болса да, күтсін дедім ғой. – Ол шошқа емес, ит. – Ия, ия, бүгінде ит адамдар көбейіп кетті. – Ол адам емес дедім ғой, ағай. – Адам емес, ит десеңші. – Ит. – Ішіп алған ба? – Кірсін бе, мені тістеп алайын деп тұр. – Иттеніп кеткен қандай адам өзі? Кірсін! – деді орынбасар. Хатшы қыз есікті ашып қалып еді, кабинетке жүні сабалақ, сабалақ, еріні салпиған, аузы аңқиған, құлағы жырық, өзі тырық бір ит, ия ия, кәдімгі ит кіріп келіп еді, орынбасар қорыққанынан атып тұрды. Сасқанынан: – Кет-ей, кет! Пошел вон! –деді. Ит орындықтың үстіне ырғып шығып, шоқиып отырды. Мөлиіп басекеңе қарады. Тілін сылп еткізді. – Кет! – Кетпеймін, –деді ит сөйлеп кетіп, шенеунік одан бетер таң қалып, иегі дірілдеді. – Ойбай, қазақша сөйлейді ғой? – Қазақы итпіз ғой енді. Енді не, «Как дела?»–деуім керек пе? – Неге келдің? – Кешіріңіз, мен ауылдағы бұралқы иттер қауымдастығының төрағасы едім. – Ия? – Атым Ақтөс. – Ия? – Ұрғашымын. – Ия, қарындас, айта беріңіз? – Бізді қарындас демейді. – Енді? – Итқас дейді. – Қызық екен, – деген орынбасардың көңілі орнына түсейін деді. – Не үшін келдің, итқас? Баспана сұрап па? – Баспанаңыз керек емес. Қаңғыбас өміріміз ұнайды. Естуімше, бізді қорғау жөнінде заң қабылданған дейді ме, жақсы болып қалып еді, заң болмай тұрып, күйеуімді атып кеткен. – Қайғыңызға ортақпын. – Енді сол заң өзгеріске ұшырайтын көрінеді, бұралқы иттерді жаппай қырып салады дейді мее. Бізді атпауға көмектесіңіз... Орынбасардың ашуы айғыр болды! Күні кеше Ақтөбеде 12 жасар оқушы баланы талап өлтірген бұралқы иттердің төрағасын кабинетінен қуып шықты. Ит құйрығын бұтына қысып, кетіп бара жатып: «Ағай, әдеп сақтасаңыз қайтеді, менің аяғым ауыр ғой», –деп қояды. Әй, иттер–ай, ит екенсіңдер ғой! Ит демекші, 12 жасар ойын баласын иттер талап, оның өлі денесін Ақтөбе облысы, Есет батыр ауданындағы құрылыс алаңынан күзетші тауып алған. Ал, шенеуніктер итті атуға жануарларды қорғауға арналған заң кедергі болды деп ақталып жатқан көрінеді. Сонда дейміз–ау, адамнан иттердің әулие болғаны ма? Бірақ, адам өміріне қауіп төнгенде, ит–мысықты өлтіруге рұқсат барын неге ойламаған десеңізші? Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов: «Осы салаға жетекшілік ететін мен жауаптымын. Ветеринария басқармасы, ветеринария станциясы жауап береді. Маған қызмет атқара алмады, орныңнан кет десе, қызметімнен кете саламын», –деп көңілі босады. Әкімнің бұл сөзіне біздің де жылағымыз келіп кетті...

Мұхтар ШЕРІМ