Тепкім келеді

Тепкім келеді

Мен миллионермін. Өз еңбегіммен, маңдай, табан, бет, көз, құлақ теріммен байыдым. Менде бәрі бар, бірақ, ішім пысып кете береді. Содан, көшеге шықтым. – Кешіріңіз, сіздің артыңыздан айқайлап тұрып, бір тепсем бола ма? – деп сұрадым бір кісіден. – Ойбай? Не үшін? – деп сұрады ол. – Сол, ішім пысты. Тепкенім үшін, бір миллион теңге беремін, – дегенімше, әлгі кісі: – «Светке, газ бен суға төлей алмай жүр едім, көзіме күйік кредитім де бар еді!» –деп еңкейе қалды. Жасын сыйлап, өзімді қинап, құйрығына жәй ғана бір тептім де, қолына миллион теңге ұстата салдым. Қуанған байғұс талып қалды. Содан полиция жетіп келді. – Бұл қандай бұзақылық? Бөлімшеге жүр! – деп қолымды қайыра бастаған еді, бұлар бейбіт шеруге шыққандардың қолдарын қайыруға машықтанып қалған ғой, ішімнің пысқанын, құйрықтан тепкізгенге бір миллионнан беретінімді айтып болғанымша, «козел» полицей еңкейе қалды. Аямай тептім. Сөйтсем, тағы еңкейіп тұр. Тағы тептім де, екі миллион бере салдым. Табаныма дейін жалай жаздады ғой. Содан, сот келді. Сот емес, от келді. «Мен сізді соттатып жіберемін! Көшеде тепкілегенің үшін!» – деді. Айттым. Ол да ... Жүгіріп келіп, бір теуіп едім, жер жалап, ұшып түсті. Ойебай, бір қарасам, қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт шеруге шыққандардың арты бүлікке ұласып, сол кезде қашып кеткен генералдар еңкейіп тұр кезекте! Бәріне ақша керек. Ақша десе, отанын сатып кететін малғұндар! Аямай тепкілеп, оларға жүз мыңнан ғана бере салдым. Отанын сатқан ҰҚК–нің бұрынғы төрағасы Мәрім Әсімов та келді сүмірейіп, оған да ақша керек екен. – Сізді тебуге ұялып тұрғаным. Бұрын премьер–министр болдыңыз дегендей. – Тебуге рұқсат, –деп еңкейді ол. – Қойыңыз... – Қазір зекпін, тебе салшы. – Қалай келдіңіз түрмеден? – Сұранып келдім, бес рет тепші. Он рет болса да... Аямай тебе бердім, тебе бердім, тебе бердім. Бір қарасам, Әсімовтің шалбарының арты жыртылып кетіпті. Он миллионымды алып кетті оңбаған! Сатқын, жемқор, жексұрын, тартып алушы, сүмелек десе! Бір парақор прокурор келді. Үндемей келіп, еңкейіп тұр. – Сізге не керек? – деп сұрадым мен. – Тебе беріңіз, прокурордың құйрығы де «пенде»,–деді ол. Тебейін деп аяғымды сілтесем болды, оңға қарай бұлт ете қалады. Тебейін десем болды, солға қарай бұлт ете қалады. – Не болды сізге? – Құйрығымда шиқаным бар еді, ішімнен тепсең болмайды ма? –деп өтінді. Ішіне бір теуіп едім, иіліп: – «Ассалаумағалейкум!»–деді. «Уағалейкумассалам!» – деп екі миллион бере салдым. Бір қарасам, кезек көп! Арасында кетік тісті кемпірлер де, қыздар да бар. –Кешіріңіздер, қыз-қырқындарды, әйелдерді тебе алмаймын, – дедім мен. – Ағай, бір тебе салыңызшы, «Айфон» алуым керек еді, –деп сызылды бір бойжеткен. – Жоқ, мен әдепті, қайрымды миллионер­мін. – Ағааай... – Болмайды! «Жемққорлар жойылсын!», «Парақорлар демалсын!» деп он рет айқай­ласаңыз, екі миллион беремін. Қыз қуанып кетті. Бір талдың басына шығып алып: «Жемқорлар жойылсын! Парақорлар адам емес! Жаңа Қазақстанға кедергі келтірмеңдер, айғайлар!» – деп айқай­лады. Бір қарасам, кезекте тұрған кемпір де кемсеңдеп: – «Жемқорлар әдірем қалсын!» – деп тұр. Бәрін аяп кетіп, ақшамды үлестіріп жатырмын. Ия, ия, мұның бәрі қиялым ғой, қиял шіркін қайда апармайды? Шіркін, мен де қайырымды миллионер болсам ғой. Тебетін адамдарым көп. Мәселен, 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының Ішкі істер департаментін басқарған полиция генерал–майоры Жайлаубек Халықұлын тепкілеп тастағым келеді. Ол не істемеді десеңізші? 1963 жылы туылған генерал–майор қылмыс­тық істі тоқтатқаны үшін Керімбек Байбат­шаев деген азаматты алдау арқылы ақша мен мүлкін пайдаланып кеткен. Қомақты қанша ақша алғаны тексеріліп, өзі қамақта отыр. Құқық қорғайды десек, қорлайды екен! Кімге сенеміз енді? Өй, өзін бір тепкім келіп кетті!

Мұхтар ШЕРІМ