Қайтармайтын қатын
Қайтармайтын қатын
653
оқылды
Ол премьер–министрді қуып жетті. – Ағай... – Сізге не керек? – Кешіріңіз, елу мың теңге қарыз бере тұрасыз ба? – Қарыз? – Ия, аштан өлетін болдық. – Апай, сіз менен, мына менен қарыз сұрап тұрсыз ба? – Алиментімді алсам, қайтарамын. – Мазамды алмаңыз. –деген премьер–министр кете беріп еді, әйел оның алдын бөгеді. – Бермей кетеді деп тұрсыз ба? Өткенде, ішкі істер министрінен де  мың теңге қарыз алғанымын, қайтардым ғой, –деп өтірікті соға салды ол. – Одан да несие алмайсыз ба? – Несием бар ғой, төлей алмай өкпем өшіп тұр, үстіндегі пайызы сұмдық өршіп тұр. – Үкімет үйіне қалай кіріп кеттіңіз? – Ирелеңдеп. – Қалай, ирелеңдеп? – Жылан сияқты, бауырлап жылжып. Күзетшілер байқамай қалды. Аштан өлетін болдық, күйеуім мүгедек, халыққа уәдені беріп жатырсыздар, беріп жатырсыздар, бірақ, орындалып жатқан ештеңе жоқ. Жаңа Қазақстанның референдумы өтті, өзгеріс бар шығар, сіз де өзгеріп, жүз мың теңге қарыз бере тұрмайсыз ба? Премьер–министр бөгеліп қалды. – Мен қай бір жетісіп жүр дейсіз? Берер едім, айлығым аз. Жетпейді, Бүгін жұмысқа тамақ ішпей келдім. – Қойыңызшы? – Мен де президенттен жүз мың теңге қарыз алған едім, әлі қайтара алмай жүрмін. Ұят болды. Көрген сайын, бұрылып, қашып кетемін.. – Ия, өтірік айтасыз. – Министрлердің біразы халыққа қарыз. – Ойбуу... – Так что, қанша жыласаңыз да, бес  мың теңге сұрасаңыз да, бере алмаймын. – Ұят екен. – Ия, халықтың бір өкілісіз ғой,,. Сізден қатты ұялып тұрмын.  Нәйеті, қанттың өзі  тапшы болып бара жатыр. – Сонда да, қалтаңызды қарап көріңізші? Балаларым аш отыр еді, мың теңге болса да қарыз бере тұрсаңыз? Жерден ақша тауып алған күні қайтарамын! – Қайтармай–ақ қойыңызшы. Жоқ қой менде, жоқ. – Кедей екенсіз ғой? – Айтпаңыз. – Сізге бес жүз теңге бере тұрайын ба? – Қажеті жоқ, Айтпақшы, мен сіз туралы естігенмін. – Мені танисыз ба? –деп қуанды әйел. – Сіздің  «клишкеңіз» «Қайтармайтын қатын» емес пе? – Ия, жұрт солай дейді. Қарыз ала береді, ала береді, бірақ қайтармайды дейді. Қалай қайтарамын? Азық–түлік күннен –күнге қымбаттап барады, Қайда барсаң, көз бояушылық! Баяғы штамп! –деген ол жан–жағына қараса, премьер –министр жоқ! Бағана кетіп қалыпты! Қап, енді кімнен қарыз сұраса екен? Облыс әкімі қарыз бере ме? Анау ше? Анау...   Ее, анауға кеттім! Ол түсінен шошып оянды. Шымкенттік Әнипа Болысбекованы айтамыз. Құдай біледі, қарсы жолығып қалса, премьер-министрден де қарыз сұрайтын шығар? Ресей президенті Путиннен де қарыз сұраудан тайынбайды. Бірақ, ол алған қарызын еш қайтармайды. Қайтаруды ойлаған да емес. Не деген әккі әйел еді! «Келесі айда қайтарып беремін!» –деп танысы С. Алпысбайұлынан екі миллион теңге,  Д. Бекмұратовадан жеті жүз мың теңге, А, Әлжановтан үш жүз елу мың теңге қарыз алып, қарасын батырған.  Еңірегенде етегі жасқа толып, алдап, арбап, іші–бауырына кіріп кететің Ә. Болысбекова ешқендай келісім–шартқа да отырмайды, тіл хат та жазып бермейді екен.  Сондықтан, оны сотқа сүйреу қиын шаруа болып тұр. Абайлаңыз, ағайын, алаяқтар алдыңызда жүр!

Ақмарал РАМАН