Көкеміз келе жатыр!
Көкеміз келе жатыр!
296
оқылды
Көшеде ирелеңдеп, «Пәлекеттерден қаш, бүгін де қарным аш!» – деп келе жатқанмын. Қазақстан­ның құрметті қайыршысымын ғой. Шенеуніктерге тіке айтатын шатағым бар, осындай халық берген атағым бар. Бір қарасам, көше жиегіне халық көп жиналыпты. Ылғи семіздер, бай–бағыландар! Әлі де көп, ағылғандар. Бұлар өзі, неғылғандар? Осылай о–ойланып тұрғанымда, «қалалық әкімшіліктің қызметкерлеріміз» деген екі жігіт мені дырылдатып, өкпемді сырылдатып, көше жиегіне шығарды да, алдыма кішкентай стол қойып, оны жайнатып тастады, өмірімде жеп көрмеген уыл­дырық, пицца, акуланың еті дейді ме, бегометтің қуырылған беті дей ме, толып кетті. – Бұл не? – деп сұрадым мен. – Кешіріңіз, президент келе жатыр! – деді әкімшілік өкілі өкіре жаздап. – Оған менің қандай қатысым бар? – Халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көруге келе жатыр екен. – Мен... Мен қайыршымын... – Әкім тапсырма берген. Көріп тұрсыз ғой, байдың балалары банан жеп тұр. Соларды жинадық. – Мен қайыршымын деймін, қайыршы. – Президент келе жатқанда, күшеніп тұрыңыз! Ішіңізді қампитып, ұртыңызды томпайтып. – Сосын? – Сол үшін қала бюджетінен жиырма мың теңге береміз. Мына тұрғандарға да ақша бөлінді. Сегіз жүз миллион! Қуанып кеттім. Уылдырықтан асап, кәуәппен бір жасап, тісімді тісіме қашап, ой бір тойғаным–ай! Жанымдағылардан естігенім, президент құрылысы бітпеген нысандарды да, қала шетіндегі шұрық тесік көшелерді де, тіпті, ауыз суға жарымай отырған ауылдарға да барады екен! Бір кезде: «Президент келе жатыр!» –деген дауыс шықты. Жұрт жапа–тармағай қолдарын бұлғап тұр. Сол қолдарында қойдың, түйенің, биенің, тауықтың піскен сирақтары! Халықтың жағдайы жақсы ғой! Құрметті қайыршы болып жүргеніме қатты ұялып кетіп, акуланың етінен бір тістеп, шайнамай жұта салдым. Жұта салып, күшенемін келіп, аузымды томпайтамын келіп. Күшенсем болды, пышш етіп желім құрғыр шығып кете береді, күшенсем болды, желім шығып кете береді. Қасымдағылар қашып кетті. Ойбуу, менде қай бір жетіскен асқазан бар дейсіз? Бір кезде президент авто көлікпен жәймен өтіп бара жатты. Артында авто шеру. – Біз бай елміз, мұнайлы, мұңды елміз, біз бақыттымыз! –дедім мен айқайлап. – Жасасын, Жаңа Қазақстан! – Халықты қанаған алпауыттар жасасын! – деді біреу күңкілдеп қана. Президент қаланың көрікті жерлерімен өте шықты. Ол кетісімен, кәуәпті енді жей беріп едім, жаңағы жігіттер келді де: – Атауыңды жегір!–деп басымнан салып қалды. Алдымдағылардың бәрін жайпап жеп тастады. Уәделі ақшаны сұрап едім, екі саусақтың арасынан бас бармағын шығарды. Бұлар халықты қашанғы алдайды екен, а? Бұлар президентті де жалған ақпаратпен қашанғы алдайды, а? «Президент келе жатыр!» демекші, елбасымыз президент болып тұрғанда, «шымкентке келеді» дегеннен, көз бояушылық жұмыстары қызып кететін. Көшелер тазаланып, есі шарбақтар боялып, тіпті, көп қабатты үйлердің көше жақ беті сәнделіп, әкімдер әбігерге түсетін. Бізідң қалаға қазіргі президент әлі келе қойған жоқ, сондықтан ба, Шымкент қаласының шет тұстары тазалықтан жұрдай. Қала орталықтарындағы, шетіндегі супер маркеттар, офистер маңдайшасын көріп, Америкада жүргендей әсер аласың. Тым болмаса, қазақшасы қатар жазылмаған ғой. Түсінбей, тіліңді тістеп, дал боласың. Маңдайшаларды оқимын дегенше, тоқсандағы щал боласың. Қала әкімі Әйткенов мырза қазақ тіліне жанашырлық танытқысы келмейді ме, әлде ағылшын тілін жақсы көре ме? Баяғыда тіл комиссиясы қала ғимараттарын аралап, қожайындарына тапсырма беретін. Ол да жайына қалды. Балаларымыз шүлдірлеп: «Окей!» дейді. Мен де: «Әй ләбию, Шымкентім!» – деп қоямын өзімше...

Мұхтар ШЕРІМ