Еуромола – 2
Еуромола – 2
322
оқылды
Ақшасы – Алатаудай, қаражаты – Қаратаудай, теңгелері мұхит асқан, небір мықтының өзі одан қашқан, коттеджінің айналасы «китайский» қорған, кезінде депутат та, сенатор да болған, атақты Миллиардбек Талтаңбайұлы евролатып қаздырған моласында өліп жатқан болатын. Жат-жата жамбасы ауырған соң, орнынан тұрып, шөкелеп отырды. Төөу, ақша не істетпейді шіркін, моланың іші ғажап! Айтқан аманатын айнытпай орындапты! Төбесінде тойханаларға қоятындай люстра, мола қабырғалары алтын жағылған мрамор, келесі тұсқа кіріп еді, биллиард залы, одан кейін бассейн, тіпті, ең қымбат көлігін де бірге көміпті! Жер асты вилласына көңілі толған Талтаңбайұлы бассейнде шомы­лып жүрген скелеттерді көріп, шошып кетті. – Ей, өліктестер! Неге рұхсатсыз шомылып жүрсіңдер?– деп айқай салды ол. Жанына қу сүйегі сылдырлап, осыдан алпыс жыл бұрын өлген келіншек келді. – Сәлеметсіз бе ағай, ой, інішек? – Сен кімсің? – Майра. – Ал, Майра, сайра! Мұнда қалай кіріп кеттіңдер? –      Менің жәпірейген, ескі молама қарай есік орнаттырыпсыз, бір топ скелеттер гәптесіп отыр едік, шомыл­ғымыз келіп... – Шаңыраққа қараңдар, шаңыраққа! Бұл миллиардердің евро моласы! – Сіз өз еңбегіңізбен байыдыңыз ба, сонда? – Жұмысың болмасын! –Мен СССР кезінде өлген едім. Тәуелсіз елдің жемқоры, хош келдіңіз! – Кет дегенде, ит те кетеді! – Скелеттер кетпейді. –Санчо! Менің оқ қағарым! Қайда­сың? – Ол өлген жоқ қой? – Аа, тірі екен–ау. – «Свежий» өлік екенсің. Біз сияқты скелетке айналасың әлі. Қалай өлдің өзі? – Қарным жарылып кетті. – Аа, жей бергенсің, жей бергенсің. – Майра, кеше өлген қыздар бар ма? Таныстырып жіберсең? – О, сорлы, жер бетіндегі саунадан шықпайтын әдетің қалмапты ғой. – Енді... Еркек емеспіз бе? – Көлік қағып өлтірген бір қыз бар еді... – Аты кім? – Кедейгүл. – Қайда көмілген? – Скелеттер көшесі, 77-ші барақ мола. – Телефон нөмірін... – 8701459 5566. Талтаңбайұлы скелетті құшақтай алып еді, сықырлап, бір қолы түсіп қалды. Оған қарайтын ол ма, хабарласып еді: «Абонент өлік вне зоне» деген деген жауап естілді. Ашуланған миллиардер скелет апайын бір тепкен, СССР шашылып қалды. Сол екен, өзге еркек скелеттер вампирлер сияқты тістері сақылдап, дауыс шығарып, қарқылдап, бұған қарай келе жатты.Талтаңбайұлы талып қалды. Бір скелет жағына салып қалды. Екіншісі үстіне шығып алды, есін жиған миллиардер көз жасын сығып алды. Үшіншісі мұрнын шайнап, жеп қойды, қалғандары тепкілеп, ой бір ойынға тойды. Көзін жыртита ашқан ол «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар!» деген жазуды оқып, екінші мәрте өліп қалды. Жарық дүние-ай, қандай қымбат едің, сен... Ал, осы жарық дүниенің қадірін кетіріп, жер басып жүргенше, өлгені артық дейтініміздей, халықтың қарғы­сынан қаймықпайтын жемқорлар бар. Кімдер дейсіздер ғой енді, алқымнан алып. Жарайды, айтайын, жұрт пандемия кезінде арнайы аппаратқа зәру болып, тыныс ала алмай, тіпті, кейбірі жарық дүниемен қоштасып жатқанда, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ілиясов пен «Медлайн» ЖШС–нің экс директоры Жанар Молдантаева деген пысықайлар ауыздарын арандай аша қалғаны. Америкаға қаратып. Америкадан ескі-құсқы тыныс алу апппараттары мен кереуеттерді қымбат бағаға сатып алып, үстінен жонып жеп, мәре-сәре болған­дарын қайтейік, бүгінде екеуі де сегіз жыл арқалап, түрменің тұзын жалап отыр. Бүйтіп, халықты сорлатқанша, жер басып жүрмей, өле кеткен артық еді...

Мұхтар ШЕРІМ